Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтерге алып барып, белгісіз зат қосылған су ішкізді": Қаңтар оқиғаларының қатысушысы тәртіпсіздіктер жайлы айтып берді

Қаңтар оқиғаларынан кейін барлығы 728 адам уақытша қамау изоляторына қамалған. Ал астанада мұндай күдікке ілінген тек бір ғана адам бар. Ол Алматыда дүкеннен смартфон ұрлап, Нұр-Сұлтанға қашып кеткен. Күдікті сұхбат барысында митингіге достарымен "қалжың үшін" барғанын айтады. Осы жерде ол ер адамдармен танысқан екен. Бұдан кейін бейтаныс азаматтар күдіктіні пәтерге алып барып, белгісіз зат ішкізген. Ал пәтерден шыққан соң есін білер-білместен дүкен тонауға барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

митинг

Тұтқындалған алматылық алаң маңындағы компьютер клубында администратор болып жұмыс істеген. Толқулар басталғанда ол досымен "қалжың үшін" митингке барған. Осы жерде олар екі ер адаммен танысыпты. Олар бірге әуежайға баруды ұсынған, бірақ кейін бір пәтерге алып барған. 

"Бастапқыда күлдік. Содан кейін ғана барлығы шын екенін түсіндік. Іштей қорқыныш болды, себебі алдымызда отырғандардың қаруы бар еді. Олар инкассатор қызметкерлерінен автоматтарын тартып алған. Естерін білер-білместен жасаған. Сол жерде біреу бізге су үлестіріп берді", – дейді тұтқындалған азамат. 

Дәл осындай күйде олар дүкен тонауға барған екен. Кейін астанаға барып, сол жақта қолға түскен. 

Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторына тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен 4 адам қамалған. Қазір үшеуі босатылған. Азаптау жөнінде ақпарат тараған соң тергеу изоляторына құқық қорғаушылар келіп кеткен. Олар тұтқындарды азаптады деген жертөлелерді аралап шыққан.

"Азаматтардың көпшілігі осындай жертөлелелерде азаптап жатқанын айтады. Изолятор басшылығанан қанша жертөле бар екенін сұрадық. Тек біреу екені анықталды. Ал бұл заттар сақтайтын қойма екен", – деді құқық қорғаушы Серік Турабаев.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторларында барлығы 603 адам қамауда отыр. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандар мен әйелдер де бар. 

"Тергеу изоляторында 142 камера бар. Барлығында бейне бақылау камералары қойылған. Бізде қамалғандар арасында әйелдер мен баланы ана бар", - деді Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/1 мекемесінің басшысы Әсет Нұрсейітов. 

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі қамау изоляторларында азаматтардың азапталуы жөніндегі ақпаратты жоққа шығарған. Олар мұны "жалған" және "сандырақ" деп атады. 

Талқылау