Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтерақыны 600 мыңға көтеріп, бір күнде шығуымызды талап етті": Қазақстандықтар жалдап тұрып жүрген үйлерінен жаппай қуылып жатыр

Қазақстанда соңғы геосаяси жағдайды пайдаланған пәтер иелері жалдау ақысын күрт өсіріп жіберген. Ал мұнымен келіспеген жалға алушыларды үйлерінен қуып, баспананы дереу босату туралы талап қоюда. Stan.kz тілшісі тұрын жатқан панасынан қуылған қазақстандықтармен тілдесіп, бұл жағдайға қатысты заңгер пікірін білді. 

Берік есімді елордалық ресейліктер елімізге келе бастағаннан кейін жалдап тұрып жатқан пәтер иесі үй ақысын 600 мың теңгеге дейін көтеретінін айтқан. Егер келіспеген жағдайда, баспананы босатуды сұраған. 

“Алдағы ай үшін төлем жасап қойған едім, әлі 20 күнге жуық уақытым болған. Алайда үй иесі баспананы несиеге алғанын, Ресейде болып жатқан жағдайды пайдаланып, табыс тапқысы келетінін айтты. Осылайша пәтерақыны негізсіз өсіріп жіберді. Шамамыз келмесе, үйді босатыңдар деген талап қойды", - дейді ер азамат.

Пәтерді досымен бірге жалдап тұрғанын айтқан ол үйді бірден босата алмайтынын айтып, 14 күн уақыт беруді немесе төлеген ақшасын қайтаруды сұраған. 

"Алайда үй иесі 200 мыңды толық бермейтінін, тек тұрмаған күндерінің ақшасын есептеп беретінін жеткізді. Біздің ісімізде шаруасы жоқ екенін, қазір полициямен бірге барып үйден шығарып жіберетінін айтып қорқытты. 20 күн тұруымыз қажет екенін ескермей, тек 79 мың теңге қайтарамын деді. Қазір заттарымызды жинап қойдық, пәтер іздеу үстіндеміз”, – дейді Берік. 

Ұқсас жағдайға Әлихан есімді алматылық студент те тап болыпты. 19 жастағы жігітің айтуынша, үй иесі алдын ала ескертпестен бірге тұрып жатқан достарымен бірге бір күннің ішінде қуып шыққан. 

“Алматыдағы Aport сауда ойын-сауық орталығының жанындағы тұрғын үй кешенінде достарыммен бірге пәтер жалдап тұратынбыз. Ресейліктер Қазақстанға жаппай келіп жатыр деген жаңалықтан кейін үй иесі келіп, тез арада пәтерді босатыңдар деді. Үйдің жалдау бағасын көтеретінін айтпады, тек туысқаным тұрады деді. Бұл пәтерді 120 мың теңгеге жалдап тұратын едік. Бұның себебі ресейліктермен байланысты екенін бірден ұқтық. Пәтерақысын көтерсе де келісетінімізді айтқанымызға қарамастан қуып шықты. Үйіміздің орналасқан жері оқуымыз бен жұмысымызға қатынау ыңғайлы еді”, – дейді ол. 

Қиын жағдайға тап болған студенттер қаланың сыртына көшуге мәжбүр болған. 

“Осы жағдайдан кейін Қаскелеңдегі туыстарымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Ол жақтан қатынау қиын. Тіпті, оқуымызға бара алмай жүрміз. Қазіргі таңда басқа пәтерге шығу үшін қаражат керек. Ақша табу үшін курьер болып, жұмыс істеп жатырмыз. Ата-анамыз алаңдамас үшін бұл жағдайды айтпадық. Екі аптаның ішінде өміріміз күрт өзгерді десе де болады. Пәтер табу қиын, қазіргі үй иелерінің адамгершілігі де жоқ секілді көрінеді”, – дейді Әлихан. 

Алматы қаласының тұрғыны Мадина Балқыбаева да негізсіз үйінен қуылғандардың бірі. Айтуынша, жалдап тұрып жүрген пәтер иесі оны мүгедектігі бар анасымен бірге тентіретіп жіберген. 

“Анам жүре алмағандықтан таңнан кешке дейін сол кісіні қараймын. Пәтер жалдап тұратын едік, бірақ жалға беруші үйді қазан айына дейін босатуымызды талап етіп отыр. Несиесін тезірек өтеу үшін пәтерді басқа адамдарға жалға беретіндерін айтты. Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін 80 мыңға жалдап тұратын едік, бірақ келісімшартқа отырмаған болатынбыз. Тек сөзбе-сөз ұзақ мерзімге тұрамыз деп келіскенбіз. Анамды осы жылы үйге кезекке тұрғызуды жоспарлап жүргенмін. Бірақ туысқандарым ескертпестен анамды тіркеуден шығарып жіберген. Сол себепті кезекке қоя алмадым. Анамның жәрдемақысына күн көріп отырғандықтан, 80 мың теңгеден жоғары сомаға үй жалдау қиынға соғып тұр. Бұндай бағада тіпті үйдің ішіндегі бір бөлмені жалдай алмай отырмыз”, – деп налиды Алматы тұрғыны. 

Туыстарымен араласпайтынын айтқан ару мүмкіндігі шектеулі анасымен пәтер табу қиынға соғып отырғаны жеткізді. Сөзінше, анасының мүгедектігі туралы естіген пәтер иелері ат тондарын ала қашады екен. 

“Қазір оның үстіне қыс жақындап қалды. Отандастарын көз жасына қарамай қуып жіберіп, олардың орнын орыстарға бергендер опа таппайтыны анық. Осындай кезде бір-бірімізге адамгершілік танытпасақ, қай кезде көмектесеміз?”, – дейді Мадина Балқыбаева. 

Бұл мәселеге қатысты біз сарапшы пікірін тыңдап көрдік. Заңгер Гүлмира Қарасайқызының айтуынша, үй иелерінің жалдау ақысын бірден қымбаттатып, табан астында пәтерін босатуын талап етуі заңсыз. Мұндай жағдай орын алмас үшін ол міндетті түрде жазбаша келісімшартқа рәсімдеуге кеңес берді. 

“Келісімшартта құжатқа өзгеріс енгізу немесе мерзімінен бұрын бұзу туралы шарттар көрсетіледі. Мұнда пәтер иесі белгілі бір шартты өзгерткісі келсе, бұл шешімі туралы бір ай бұрын хабарлауы керектігі жазылған. Ал егер негізсіз өз талаптарын міндеттесе, сотқа жүгінуге болады", - дейді маман. 

Ол азаматтардды егер қолында келісімшарты болса, соттасудан қорықпауға шақырды.  

“Сотқа берген уақытта бұл іс кемінде екі ай шешілетін болады. Сіз осы процесс аяқталғанға дейін сол пәтерде тұруға құқығыңыз бар. Егер үйдің иесі учаскелік полицеймен келіп, “бұлар менің пәтерімде тұрып жатыр. бір сағаттың ішінде шығарып беруіңізді сұраймын” десе, полицейге қолыңыздағы жазбаша келісімшартты оған көрсетіп, жағдайды түсіндіріңіз. Әкімшілік немесе қылмыстық іс болмағандықтан ешқандай полиция сізді пәтерден күштеп  шығара алмайды”, – дейді заңгер. 

Гүлмира Қарасайқызы қазір пәтерді жалға беруші де, алушы да жазбаша келісімшарт жасауға асықпайтынын жеткізді. Соның салдарынан қиын жағдайға кезігуі мүмкін. Дегенмен ешқандай келісімшарт жасалмаған күннің өзінде мәселені өз пайдаңа шешуге болады екен. 

"Ешқандай келісімшарт жоқ болса азаматтық кодекстің 151-бабына сүйенуге болады. Жазбаша келісімшарт рәсімделмесе де, ауызша келісімшарт болатыны анық. Мұндай келісімнің болғанын әлеуметтік желідегі жазбаңызбен немесе араңыздағы әңгімені растайтын өзге де құралдармен дәлелдей аласыз", - дейді ол.

Егер пәтер иесі келісімге келуден үзілді-кесілді бас тартса, заңгер ол туралы салық басқармасына хабарлауға болатынын жеткізді. 

"Жазбаша келісімшарттың жоқтығы пәтер иесінің заңсыз бизнеспен айналысып отырғанын көрсетеді. Сондықтан бұл жағдай туралы салық қызметкерлеріне міндетті түрде хабар беріңіз", - деп түйіндеді ол. 

Талқылау