Париж олимпиадасы: Махмұд Сабырхан олимпиаданың жаңа жұлдызы атануына мүмкіндігі мол
Париж олимпиадасына да бір айдан аз уақыт қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын боксшылардың әлеуеті мен мүмкіндігі туралы сараптама жасауды жалғастырады.
Фото: ҰОК
Олимпиада ойындары үшін арнайы бір салмақ жоғары көтерілген Махмұд Сабырханның Париж олимпиадасында жұлдызы жануы мүмкін. "Қазақтың Ломаченкосы" атанып кеткен Махмұдтың шаршы алаңдағы өнері жанкүйерлердің жанын жадыратып, айызын қандыратыны анық. Дегенмен Париж олимпиадасының қарсаңында Махмұдтың 57 келіге ауысқанына тура бір жыл, бір ай толады. Махмұд Ташкент төрінде 54 келіде атой салғаннан соң, бірден 57 келіге көтеріліп, еліміздің нөмірі бірінші боксшысы атанып қана қоймай, әлемнің де үздігі атануға әлеуеті жететінін көрсетті. Италияда өткен лицензиялық турнирде тамаша өнер көрсетіп, Париж олимпиадасына заңда түрде жолдама жеңіп алды. Енді Махмұд араға 24 жыл салып, Бекзат Саттархановтың жетістігін қайталап, олимп шыңын бағындыруды көздейді. Бірақ отандасымыз үшін оңай болмайтыны анық. Өйткені 57 келіде кіл мықтылар мен сақа спортшылар жиналған. Жалпы Махмұд Парижде сынға түсетін спортшылардың біреуімен ғана жұдырықтасып, жеңіліп қалған еді. Қалған боксшылардың ешқайсысымен осы уақытқа дейін шаршы алаңда кездеспеген.


Париж төріндегі жұдырықтасатын боксшылардың ішінде жалғыз испаниялық Хосе Кильес Токио алаңында айқасқан. Дәл осы боксшы да жүлдеге үміткерлердің қатарында. Одан бөлек, Париждегі дүрмектің басты фавориті саналатын америкалық боксшы Джамал Харвиді де ерекше атауға болады. 2021 жылғы әлем чемпионы Махмұд үшін қауіпті, әрі тегеурінді қарсылас саналады. Харви Панамериканың лицензиялық турнирінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, олимпиадада алтыннан үміткерлердің бірі саналатын кубалық Сайдель Орта Родригестің мысын басқан еді. Дене-бітімі мығым, физикалық тұрғыдан күшті былғары қолғап шеберінің соққылары да ауыр. Дегенмен Махмұд бұл боксшыны “алдап” кетуі әбден мүмкін.
Жалпы Махмұд үшін ешбір қарсылас оңай соқпайтыны айқын. Жұдырықтасу мәнері ерекше отандасымыз 24 жыл бұрынғы Бекзат Саттархановтың ерлігін қайталап, олимпиадада атой салуы әбден мүмкін. Кем дегенде өз өнерімен көпшіліктің көңілінен шығып, олимпиаданың жарық жұлдызына айналуы ғажап емес.
Қазақстан электр тапшылығына дайын ба: Алматыдағы жарықтың жаппай өшуі нені көрсетті?

