Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вова ағайды шақырамыз": Басы дауға қалған Любовь Панова қазір немен айналысып жүргенін айтты

Желіде “Вова ағайды шақырамыз” деген жазбадан соң "Еуропа Плюс Қазақстан" радиосының бұрынғы жүргізушісі Любовь Панова халықтың сынына үшыраған болатын. Оның үстінен тіпті ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен қылмыстытық іс те қозғалған. Журналист қазір істің немен аяқталғаны  жайлы  Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Даудың басы Панованың желіде қазақстандықтардың көп сөйлейтінін айтып, тәртіп орнату үшін “Вова ағайды шақырамыз” деген сөзінен басталған болатын. Оның бұл жазбасы қоғамда резонанс тудырып, журналист халық сынына ұшыраған. Сонымен қатар радио жүргізушісінің үстінен ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс те қозғалған. 

Журналист істің толығымен жабылғанын жеткізіп, тергеу нәтижесі бойынша оның жазбасында ешқандай ұлтаралық араздық белгілері болмағанын хабарлады.

“Тергеуге жіберілген "Любовь Панова" лақап атындағы пайдаланушының жарияланымдарында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық реализмді қоздыру белгілері, араздық, алауыздық, ұлттық ар-намысқа, қадір-қасиетке, дінге қатысты азаматтардың сезімін қорлау сипаттарындағы мәлімдемелер жоқ”, – деп тергеу сараптамасының қорытындысымен бөлісті ол.



Панова өзіне қарсы айтылған сөздерді қалай өткергенін де сөз етті.  

“Мен стресске өте төзімді адаммын. Жазбамды ақылды адамдардың бәрі бірден түсінгеніне сенімдімін. Ал ақымақ адамдардың ойы мені қызықтырмайды. Қазақстанда ақылды, саналы, мейірімді адамдар көп. Олар маған жан-жақты қолдау көрсетті. Осы жағдайдың арқасында мен көптеген жаңа достар таптым”, - деді ол.

Осы даудан соң қызметтен кеткен радио жүргізушісі бұл жағдай оның мансабына еш әсер етпегенін айтты. 

“Радиодағы жұмысым менің жалғыз табыс көзім болған емес. Мен үнемі қосымша жұмыс жасап жүрдім. Қазіргі уақытта демалыстамын, балаларыма көңіл бөліп, уақытымды соларға арнап жүрмін. Бос уақытымда волонтерлік қызметпен және шығармашылықпен айналысамын”,- деп қосты Панова.

Мұнымен қоса ол журналистика саласына әзірге қайта оралмайтынын тілге тиек етті.

“Менің жоспарларым сәл басқаша. Отбасыммен байланысты қойылған мақсаттарым көп. Мамандығыма әзірге оралғым келмейді”,- дейді Любовь Панова.

Бұған дейін ол Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында араздықты қоздыру туралы қоғамдық мәлімдемелерді жоққа шығарған болатын. Сөзінше, Панова қызметінен өз еркімен кеткен.

“Менің пікіріме орай көпшілік алауыздықты туындатты деп наразылық танытуда. Тіпті қазақтарды құрметтемейді, өз елін сүймейді деп кінәлап, елден кет деп жатқандар көп. Менің әкем қазақ, ұлым қазақ, қазақ достарым да көп. Сондықтан мені не үшін айыптап жатқандарын түсінбеймін. Меніңше, олардың өздері алауыздықты туындатып отыр.

Жұмыстан кету тақырыбына келетін болсақ, бұл менің жеке шешімім болды. Мен "Ресей радиосы" мен "Европа плюс" радиосына қарсы пікірлер ағынын тоқтату үшін өз еркіммен арыз жаздым. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін өз еркіммен жұмыстан кеттім”, – деді ол.

Талқылау