"Өзін өзі атты деп ойламаймын": Теміртаудағы "Ұлттық ұланда" сарбаз мерт болды
Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде сарбаздың бүгін мәйіті табылды. Суыт хабарды алған жақындары өзін өзі мылтықпен атты деген нұсқаға сенбей отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Мақтарал ауданынан келген жиырма жастағы Сержан Оңғардың Отан алдындағы борышын өтелуіне екі ай ғана қалған. Бір жыл бұрын әскерге кеткен інілерімен жақын күндерде қауышамыз деп жүрген жақындарына суыт хабар түнде жеткенін айтады. Қайғы жұтқан Сержан Оңғардың туыстары бірден сарбаз борышын өтеген әскери бөлімге келген. Бірақ жиырма жастағы бауырларының өзін емес, мәйітханадан сүйегі салынған табытын алып шықты.
“Біз балаларымызды бұл үшін армияға жібермейміз. Аман-есен жіберіп, денесін алып қайтамыз деп кім ойлаған? Бәрі дұрыс болған. Бүгін түнде он екі жарымда сөйлескенмін. Баланың жағдайын айтып жеткізе алмаймын. Cоншалықты өзін өзі атты деп те айта алмаймын. Әділдікті, шындықты сұраймыз, барлығының түбіне жетсін”, – дейді сарбаздың туысы Назерке Бақытжанқызы.
Туыстары былтыр оны желтоқсан айында өздері әскерге шығарып салғандарын айтады. Алматыдағы медицина университетінде фельдшер мамандығында оқып жүрген жігіттің армандары асқақ еді дейді. Әскерден соң оқуын жалғастырып, медицина саласындағы білікті маман болуды мақсат еткен. Жақындарының айтуынша, бүгін түнде қарауылға түскен Сержан Шымкенттегі әпкесімен сөйлесіпті. Бірақ арада екі сағат өткен соң, үйіне қайғылы хабар келген.
Тамағынан атылған дейді, басын былай бүйтіп полный жарып тастаған дейді. Енді мынандай оқиғадан кейін қайтіп балаларымызды жібереміз. Сұмдық қой. Екі аяқпен жібердік. Кім жібереді бұдан кейін? Қай қазақ жібереді?”, – дейді марқұмның тағы бір туысы Жақсылық Айбеков.
Артық сөзі жоқ, мінезі де жайлы деген Сержанның өзіне қол жұмсауы бекер емес дейді туыстары. Сондықтан олар інілерін суицид жасауға әлдекімдер итермелеген болуы мүмкін деп топшалайды. Қайғы жұтқан отбасы тергеудің әділ өтуін талап етеді.
Ал әскери бөлім полковнигінің айтуынша, жауынгер өзіне бекітілген Калашников автоматымен оқ атқан.
“Осы болған жағдайда қазіргі кезде тергеу органдарымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүрзіліп жатыр. Ары қарай тергеу органдары бәрін көрсетеді. Болғаннан кейін, қатардағы Оңғаров жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген болатын. Бірақ дәрігерлердің істеген іс әрекеттері жетпей, ауруханада көз жұмды”, – дейді "Ұлттық ұлан" өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыс жөніндегі орынбасары Қанат Ерғалиұлы.
Теміртаулық 5516 әскери бөлімі марқұмның мәйітін бүгін пойызбен жөнелтпек. Ұшақ ұйымдастыра алмаған олар сарбаздың жақындарына жерлеу рәсіміне қажетті материалды шығынды өтеп, қосымша көмек беретінін айтты.