"Ойымда болған жоқ": Роза Рымбаева Иманбекпен дуэт жазуға қалай келіскенін айтты
Алғашқыда Иманбек Зейкеновті сынға алған Роза Рымбаева жуырда онымен бірге коллаб жасады. Иманбек Роза Қуанышқызының "Наурыз" әніне ремикс жазып берді. Бірлесіп жұмыс істегеннен кейін, Халық әртісінің диджейге деген көзқарасы өзгергенге ұқсайды. Бұл туралы Роза Рымбаева НТК арнасының OZMZ ҒОЙ атты жаңа бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Рымбаева өзі сынаған Иманбекпен бірге жұмыс істеуге қалай келіскенін түсіндірді.
"Шынымды айтсам, осы баламен дуэт айтамын деген ойымда болған жоқ. Ұсыныс келді, оны маған Әли айтты. Және де басқаша, дискотека, клубка арналған стильде жасасақ, қалай қарайсыз деп ұсыныс білдірді. "Оны жасайтын өздеріңсіңдер. Жоғары деңгейде жасасаңдар, неге айтпасқа?" – дедім.
Келістім, осындай ән болып шықты. Біреу түпнұсқасын жақсы көреді, біреулер осы нұсқасын қызығып тыңдайды", – деді Роза Қуанышқызы.
Сондай-ақ Халық әртісі Зейкеновке деген көзқарасының өзгергенін білдірді.
"Иманбек – жеке-дара, өзінің музыкасымен келе жатқан бала. Иманбек егер де қазақ әнін жасап шығарса, ерекшеленер еді", – деді ол.
Екіжақты келісім бойынша, ремикс жазылды, жұмыс сонымен аяқталды. Рымбаеваның Иманбекпен бір сахнаға шығар ойы жоқ. Алайда ұлы Әлидің айтуынша, елдің көңілінен шыққан жұмыс болашақта жалғасын табуы мүмкін.
"Әзірге келісімшарт бойынша жұмысымыз осымен аяқталды. Бірақ кім біледі, сәтті шыққан жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз мүмкін", – деді Әли Оқапов.
"Барлығы әнді ұсынатын авторларға, менің талғамыма, менің ән орындау стиліме, мәнеріме байланысты. Маған жүздеген ән келеді, оның бәрін орындай бермеймін.
Үлкен талғаммен қараймын. Бірінен кейін бірін шығара беретін әншілер бар. Мен ондай әнші емеспін", – деп түсіндірді Роза Рымбаева.