Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отпен ойнаған күйіп қалады": Байден мен Си Цзиньпин Тайвань мәселесі бойынша бір-біріне ескерту жасады

АҚШ пен Қытай президенттері екі сағаттан астам уақыт телефонмен сөйлесіп, Тайвань мәселесіне қатысты бір-біріне ескерту жасады. Ақ үйдің есебіне сәйкес, Байден АҚШ-тың бір жақты тәртіп бойынша арал мәртебесін өзгертуге түбегейлі қарсы екенін мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

Байден

Ал Қытай президенті Си Цзиньпин әңгіме барысында Байденді "біртұтас Қытай" принципін ұстануға шақырып, "отпен ойнаған адамның күйіп қалатынын" айтқан. 

Қытай Халық Республикасы Тайваньды біртұтас Қытайдың бүлікшіл бөлігі деп санайды әрі аралды өзіне күшпен қосып алуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Ал АҚШ "біртұтас Қытай" принципін ұстанып, Тайваньды мойындамаған, ал екінші жағынан демократиялық Тайваньға әскери қолдау көрсетіп отыр. 

Тайвань төңірегіндегі дау аралға АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэни Пелозидің келетіні туралы қауесеттен кейін ушыға түскен. Мемлекеттік департамент Пелозидің мұндай жоспарымен бөліспегенін айтады. Ал Пекин спикер Тайваньға барса, "салдары ауыр" болатынын мәлімдеді. 

Өткен аптада Джо Байден журналистерге америкалық әскерилердің Пелозидің Тайваньға баруын құптамайтынын айтқан. Сонымен қатар Қытай мәлімдемесін "іске көмектеспейтін және қажетсіз" деп бағалады. 

Егер Нэнси Пелози Тайваньға барса, соңғы 25 жылда аралға барған АҚШ-тың алғашқы лауазымды тұлғасы атанады. Өкілдер палатасының спикері – АҚШ президенті және вице-президентінен кейінгі үшінші адам.

Бейсенбі күні телефонмен сөйлескен Байден мен Си жеке кездесу мәселесін де талқылаған. Олар 2015 жылы Си Цзиньпин АҚШ-қа ұшып келгенде кездескен. Алайда Байден бұл кезде вице-президент лауазымында болған. АҚШ президенті ретінде әлі кездесу өткізбеген. 

Мемлекеттік департаменттегі ВВС тілшісінің мәліметіне сәйкес, Байден мен Си мемлекеттердің ашық жанжалға түсуін қаламайды. Сондай-ақ бір-бірімен ашық кездескісі де келмейді. 

Ақ үй өкілдері "қайшылықты ретке келтірудегі жауапты қадам" туралы мәлімдеп, АҚШ пен Қытайдың ортақ қызығушылығы бар мәселелерде серіктестік орнатқаны туралы айтты. 

Ал Пекин өзінің есебінде көптеген сала бойынша екі елдің қызығушылығы бір екенін жазды, алайда АҚШ-ты “қарым-қатынасты үзді” деп айыптады. Бұдан бөлек Байденнің Қытайды басты қарсыласы санайтынын, Америка саясаты үшін ұзақ уақытқа созылатын мәселе деп есептейтінін қосып өтті.     

Дегенмен "отпен ойнау" туралы ескертулер Қытайдың аралға басып кіретінін білдірмейді дейді сарапшылар. Әйтсе де АҚШ қазіргі саясатын әрі қарай жалғастырса, соңы ашық жанжалға ұласуы мүмкін екен.

Талқылау