Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өткен ғасырда шешек ауруы 300 млн адамның өмірін қиды. Ғылым тарихтағы ең қорқынышты індетті қалай жеңді?

Шешек вирусы африкалық кеміргіштерден 16-68 мың жыл бұрын тараған деседі. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл ауру тек 3-4 мың жыл бұрын пайда болыпты. 

Шешек алғашында қарапайым тұмау секілді дене қызуы, әлсіздік, бұлшықет пен бас ауруынан басталып, 2-4 күннен соң ауыз қуысы мен тері жараларына ұласады. Мұндай жаралар дененің басқа да бөліктерінде пайда болып, кей кездері өлімге де әкелуі мүмкін. Жарадан қалған тыртықтар сол күйі жазылмайды, аурудан, тіпті, көзі көрмей қалғандар да кездеседі. 

Ең жиі таралатын қарапайым шешек ауруынан науқастардың үштен бір бөлігі көз жұмса, геморрагиялық және жалпақ (немесе қатерлі) шешекке шалдыққан адам мүлдем тірі қалмайтын көрінеді. Геморрагиялық шешектен теріде, ас қорыту мүшелерінде, сілемейлі қабықта қан кету орын алады. Терінің аққан қаннан қарайып кетуіне байланысты ауруды "қара шешек" деп те атап кеткен. 

Ауру жайлы алғашқы деректер Мысырда б.з.б. 1145 жылы қайтыс болған V Рамсес перғауынның мумиясын зерттеуден кейін анықталыпты. Мысырлық саудагерлер індетті Үндістаннан жұқтырып келген. Мұнда ауру бірнеше ғасырлар бойы таралып, кейіннен Қытай мен Жапонияға жеткен. VIII ғасырда Жапонияның үштен бір бөлігі шешектен қырылады. 

Халықтың тығыздығы мен көшпелі өмірдің салдарынан шешек әлемге жайылып кетеді. Еуропада шешектен болатын өлім деңгейі 30%-ға жеткен екен. 1633 жылы Солтүстік Америкаға аяқ басқан ағылшын колониясы материкті мекендеген жергілікті тайпаларға ауру жұқтырған. Бұрын-соңды мұндай індетке кезікпеген америкалық тайпалардың арасындағы өлім 80-90%-ды құраған. Осыған ұқсас жағдай Аустралияда да орын алған: XVIII-XIX ғасырларда шешек халық санының төмендеуінің басты себебіне айналыпты. 

Тек XX ғасырдың өзінде бұл жұқпалы вирус 300 миллион адамның өмірін қиған. 

Жүздеген жылдар бойы адамдар бұл індеттің көзін жоятын құрал іздеумен келген, осылайша оның шешімі - ең алғашқы вакцина болды. 

Аурудың жеңіл түрін жұқтыру арқылы оған қарсы иммунитет қалыптастыру туралы ой ең алғаш қытайлықтарға келген деседі. Кейбір деректерге сүйенсек, 1000 жылдарда адамдар шешекпен ауырғандардың денесіндегі жараларды ұнтақтап иіскеп, тіпті, іріңге малынған мақтаны құлағына қойған. 

Африкалықтар аурудан қорғану үшін іріңге малынған инені теріге енгізіпті. 

Ұлыбританияда XVIII ғасырда шешектің жеңіл түрін ағзаға енгізуді өзі жас кезінде кеселмен ауырған ақсүйек қауымының өкілі Мэри Монтегю насихаттай бастаған. Ол бұл әдісті Түркия да байқаған сыңайлы. Айта кетейік, аурумен күресудің бұл тәсілі толықтай шешекті жеңе алмады. Әрбір отызыншы науқас екпеден шешектің ауыр түріне шалдығып, көз жұмған. Десек те екпеден кейінгі өлім деңгейі шешектен болатын өлім көрсеткішінен әлдеқайда төмен болған.

Ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер сиыр сауатын әйелдер шешекке аз шалдығатынын анықтаған. Ол сауыншылардың көбіне шешектің сиырлардан жұғатын түрімен ауыратынын байқаған, ал жануарлардан жұғатын шешек вирусы адамдар үшін аса қауіпті болмапты. Тек иммунитеті төмен адамдар ғана ауруды қиын өткерген. 

Осылайша дәрігер сиырдан жұғатын шешек вирусын пайдаланып, вакцина дайындап шығарады. 

1796 жылы 14 мамырда Дженнер вакцинаны фермердің сегіз жасар баласы Джеймс Фиппске егеді. Екпенің арқасында ол қартайғанша ауруға шалдықпаған деседі. Екі жылдан кейін дәрігер "Сиыр шешегінің әсері мен пайда болу себептері" атты кітапша жариялайды. Алғашында ел билігі оның вакцинасына күмәнмен қараған, десек те кейіннен британ әскерін тұтастай вакцинациялаудан өткізу туралы шешім шығарады.

Жүз жыл өткен соң белгілі ғалым Луи Пастер Дженнердің құрметіне жасанды иммунитетке "вакцина" атауын беруді ұсынады: француз тілінен аударғанда "vache" сөзі "сиыр" деген мағынаны білдіреді. 

Десек те бұл кездің өзінде де вакцинаға қарсы шыққандар да табылған. Олар жануралардың ауруын адамның денесіне енгізу жаратылысқа жат деп есептеген. Әсіресе, балалар арасында екпе салдыру міндеттелген кезде халық жаппай қарсылық танытқан. Алайда кейіннен Англия, АҚШ сынды мемлекеттерде екпе салдыру ерікті түрде жүзеге асырылыпты. 

Ал кедей елдерде шешек індеті ағы 150 жылға созылыпты. 

Тек 1967 жылы шешекті біржолата жеңу мүмкін болды. Бұл жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаппай шешекке қарсы егу жұмыстарын жүргізеді. 

Халықаралық ұйымдар аурудың өршіген аймақтарын анықтап, вакцинациялаудың заманауи технологияларын қолданып, ауруды жоя алды. 

Шешектің соңғы ауру ошағы 1977 жылы Сомалиде анықталған. Бұдан кейін арнайы медициналық комиссия ауру кездескен әрбір елді аралап шыққан. 

1978 жылы жазда ауру ең соңғы рет адамның өмірін қиды. 40 жастағы медициналық фотограф Дженет Паркер қайда екені белгісіз ауруды жұқтырып, артынша көз жұмады. 

Бұл жағдай халықаралық ортада үлкен резонанс тудырған. Өйткені Паркерге дейін бес жыл көлемінде ешкім шешекпен ауырмаған көрінеді. Бірақ артынша ол ауруды өзі жұмыс істеген Бирмингем университетінің зертханасында жұқтырған деген қорытынды шығарылады. Бірақ вирустың қалай жұққаны сол күйі анықталмапты. 

1980 жылы Паркер көз жұмған соң, ғалымдар аурудың жоғалғанын мәлімдепті. Медицина шешекті торлығымен жеңгені жарияланады. 

Қазіргі кезде шешек ауруның вирустары АҚШ пен Ресейде қатаң қорғауға алынған зертханаларда ғана бар. 


Мақала BBC мен Lenta.ru материалдары негізінде дайындалды. 

Талқылау