Өтемақы берілмейді: Ақтөбелік тұрғын су тасқынынан кейінгі үйінің жағдайын көрсетті (видео)
Ақтөбедегі Кірпішті шағынауданының маңында Эко бау-бақша ұжымының тұрғыны су тасқынынан кейінгі үйінің ішін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Автор суреті
Су тасқыны кезінде ақтөбелік Владимир Дружченконың ауласы мен жер төлесін толық су басып қалған. Судың тереңдігінен қоршаулар мен шамдар көрінбейді. Ал жертөлені демалатын орын ретінде қарастырғандықтан, онда бильярд үстелі, кішігірім дивандар болған. Енді олар суға кетіп, қолдануға келмей қалды, дейді үй иесі.
Ер адам жертөле мен ауланы судан тазартқаннан кейінгі жағдайды тілшімізге көрсетті. Ол жақында ғана жасалған жөндеудің босқа кеткенін айтып қынжылады. Сорақысы – мұндай жағдай олардың басынан бірінші рет өтпеген. Бұған дейін де 1-қабатқа дейін су алған жағдайлар болыпты.
Автор суреті
“2 сәуір, су тасқынынан кейін жағдай осындай. Үйді судан тазартқанымызбен, енді лай мен балшықтан тазарту керек. Осыған дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Тура 3 жыл бұрын көктемде осындай жағдай болып, енді қалпымызға келген едік, енді тағы да осылай болмақ. Оның үстіне тағы су көтеріледі деп эвакуация туралы хабарламалар келіп, алаңдатып қойды. Біз дер кезінде қымбат мүлікті жоғары қабатқа көтеріп үлгергендіктен, аса көп шығын келмеді. Бильярд үстелі мен аз-маз жиһаз қалды. Ал кейбір үйлер толық судың астында қалды. Көршілеріміздің техникалары, яғни кір жуғыш машинасы, ас үй бөлмесінің жиһаздары суда қалып, істен шықты”, – дейді Дружченко.
Олар бау-бақша ұжымында тұрғандықтан, қала территориясына кірмейді екен. Сол себепті олардың шығынын әкімдік өтемейді. Тұрғындар өз қамын өзі жасауға мәжбүр.
Еске салсақ, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн мемлекет бюджетінен қанша теңге бөлiнетiнiн айтқан еді.