Отбасы үш жыл бойы үй үшін соттасып келген: Алматыда арты өліммен аяқталған атысқа не себеп болды
Бес адамды атып өлтірген алматылық азамат үш жыл бойы үй үшін соттасып келген. Оқиғаның неден басталғанын баяндаймыз.
2011 жылы бірнеше компания “ЦентрКредит Банкі” АҚ (ЦКБ) ұйымынан несие алған. Банктен қарызға ақша иеленген азаматтар Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан тұрғын үй емес ғимараттар мен Ақбұлақтағы үйді кепілдікке қойыпты.
2014 жылы Алмалы аудандық соты И. Д. және А. Д.-ны банкке 118 млн теңге қарыз бен 3,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуді міндеттейді.
Бұл уақытта сот орындаушысы Бағанашылдағы ғимарат пен жер телімін 184 млн теңгеге бағалайды.
2017 жылы мүлікті бөліп алу бойынша аукцион өтіп, ЦКБ жеңіске жетеді. Банк қарыз алушылардың кепілдегі мүлкін екі есе төмен бағада қол жеткізген: құны 184 631 000 млн болатын активті “ЦентрКредит Банкі” 96 008 120 теңгеге сатып алады.
Үйде балалар болған: Полиция Алматыдағы атысқа байланысты жаңа деректердің бетін ашты
Осылайша И. Д. мен А. Д. қарызды түгел өтемеген және банкке тағы 30 млн теңге қарыз болып қалады.
Кейіннен сот орындаушысы Тәңірбергенов қарыз алушылардың тағы бір мүлкін –Ақбұлақтағы үйін аукционға шығарады. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 200 шаршы метрден асатыны мен жеті сотық жер теліміне қарамастан мүлік 30 млн теңгеден аз сомаға бағаланады.
Үйді сатып алған Н. Т. есімді азамат баспананың иелерін қуып шығуды талап етіп, сотқа арызданады. Судья оның шағымын 2020 жылы қанағаттандырады.
Айта кетсек, адам өлімімен аяқталған атыс бүгін сағат 17:00 шамасында орын алған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.