"Болды, лақтырмаңыз": Отандық бағдарлама жүргізушісі төбелескен қонақтарды ажырата алмай дал болды (видео)
31 арнаның "Неге" бағдарламасына келген қонақтар эфирде жаға жыртысты. Саясаткер Тазабек Сәмбетайдың сөздері журналист Ермұрат Бапидің шамына тисе керек, бірден жұдырық ала жөнелді. Stan.kz тілшісі бағдарлама тізгіншісімен байланысып, оқиғаның мән-жайын сұрап көрді.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузайтын "Неге?" қоғамдық-саяси ток-шоуына келген қонақтар эфир кезінде бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, төбелесе жөнелді. Жалпыұлттық социал демократиялық партия өкілі (ЖСДП) Ермұрат Бапи бағдарлама барысында өзіне қарсы шыққан Тазабек Сәметбайға су шашып, жағасынан ала түскен. Тіпті, бағдарлама қонағы теуіп жібермекші болғаны байқалады.
Ермұрат Бапидің "ЖСДП-ны 200 мың долларға сатып жібергені рас па" деген әңгіменің ақ-қарасын айырып алмақшы болған Ерқанат Көпжасарұлы жаға жыртысқан екеуді әрең ажыратты.
Желіге жүктелген бағдарламаның анонсында Тазабек Сәметбай ЖСДП-ның сатылғанын сенімді түрде айтып, партия төрағасы болған Ермұрат Бапиді "саясатты базарға айналдырдың, саудагер, көпес" деп айыптайды. Бұл сөздер намысына тисе керек Ермұрат Бапи ашуға булығып, төбелес шығарған.
Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлымен байланысқанымызда бағдарламаны соңына дейін көруді, асығыс шешім шығармауды сұрады.
"Парламентке бармаған партиялардың айтары не?" деген тақырып төңірегінде пікірталас болды. Ермұрат Бапи - елдегі ең танымал оппозициялық журналистердің бірі. Бағдарлама барысында оның тарапына ащы сұрақтар қойылды. Былтыр оның партиясы төңірегенде қандай дау болғанын білеміз. Осыған қатысты шымбайына тиетін ащы сұрақтарға ашуланып кетті. Бірақ алдында тұрған стақанды лақтырады деп ойламадым. Журналисттік этиканы сақтап сөздерін бөлмей тұрдым. Бір уақытта жағасына жүгірді. Тазабек Сәметбайдың жағына соққы тиіп, тарс еткен дауысы естілді. Содан әрең ажыратып алдым", - дейді тележүргізуші-журналист.
Журналисттің айтуынша, қонақтар арасындағы дау эфир біткен соң да жалғасқан көрінеді. Абырой болғанда, екеуі де дін-аман үйлеріне қайтқан. Екі саясаткердің төбелесі рейтинг үшін жасалған "әдіс-тәсіл" ме деген сұрағымызға:
"Біз күтпеген жағдай. Қорыққан мен қуанған бірдей демекші, не істерімді білмей қалдым. Біреулер арнайы қойылған "қойылым" деп жатыр. Бұл қисынға келмейді. Екеуі де "қойылым" үшін сатып алуға келмейтін саясаткерлер. Оның үстіне бұл рейтингке арналаған бағдарлама емес. Толық нұсқасын көру керек", - дейді Ерқанат Көпжасарұлы.
Қос саясаткердің төбелескен видеосы желіде тез тарап, оқырмандардың қызу талқысына түсті.
"Шын болсын, өтірік болсын үкіметте депутаттар осылай төбелесіп тұру керек. Мысық құсап ұйықтай бермей", "Бізде де Жириновский бар екен ғой", "Тікелей эфирде кішкене өздеріңді ұстасаңыдар қайтеді?! Милиондаған халық көріп отыр", "Оскарсыз әртістер" - деп өз пікірлерін білдірді желідегі оқырмандар.