Өскемендегі мектеп асханасындағы ботқадан құрт шықты
Өскеменде №10 мектептің 3-сынып оқушысы анасына асханада берілген тары ботқасынан құрт шыққанын айтқан. Ата-аналар енді балаларының асханадан тамақ ішуіне қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yk.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Yk.kz
Анасы оқушының жіберген суретінен ботқаның ішінен шыққан ақ құртты көрген. Сөйтіп бірнеше ата-ана жиналып мектеп директорымен бірге асханаға барды. Сонда ботқа салынған ыдыста құрттардың барына көзі жеткен.
Қалалық білім бөлімінің сайтында №10 мектептің күнделікті ас мәзірі бар. Мәзірге қарағанда дүйсенбі күні тары ботқасының әзірленгені белгілі болды. Мәзірмен бірге жүретін бір парақ қағазда жеткізушінің деректері жоқ. Сондай-ақ сайттың құжаттарға арналған бөлімінен де 2023 және 2024 жылдарға арналған келісімшарттар табылмады.
Ата-аналар балаларын мектеп асханасына жіберуден бас тартып жатыр. Олар енді балаларға тамақты үйден жасап, беріп жібермек.
Айта кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстандағы барлық мектепте бастауыш сыныптағы балалар асханаден тегін тамақ ішеді. Сондай-ақ жақында Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы мектепте оқушылар уланып, ауруханаға түскен еді. 460 бала дәрігерлердің бақылауында болды. 96 бала ауруханаға жатықызылса, екеуі жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қазір 53 оқушы аураханада ем алып жатыр, одан бөлек 43 бала үйіне жіберілді.
Маңғыстаудағы жағдайдан кейін премьер-министр Олжас Бектенов бір ай ішінде Қазақстандағы барлық мектептің асханасына тексеру жүргізуге тапсырма берді.
Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қазір СЭС қызметкерлері үнемі тексеру жүргізбейтінін, тек оқыс оқиға тіркелген жағдайда тексеріс жасайтынын айтып, жазба жариялады.
Қалалық білім бөлімі осы жазбадан кейін тексеру жұмыстарының нәтижесін жариялады.
“Ботқадан дәнді дақылдар зиянкестерінің табылуын негізге ала отырып, білім бөлімі мектеп асханасын тексерді. Өнімнің сапасын, сақтау жағдайларын, асхана мен тағамхананың санитарлық жағдайын көрсететін құжаттар тексерілді. Асхана қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мектеп асханасының жалға алушысы мен мектеп директоры түсініктеме жазды. Ешқандай құқық бұзушылық анықталған жоқ. Қосымша тексеру үшін СЭС қызметіне апелляция берілді”, – делінген хабарламада.