"Бізді мазақ етуге айналып барады": Нүкенованың ағасы Байжановтың әйелінің сөзіне сенбейтінін айтты
Бүгін соттағы жарыссөзде Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді екінші сотталушы – Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың әйелінің сөзіне сенбейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Нүкенованың ағасы өз сөзінде "Байжанованың сөзін біреу жазып бергенін" айтты.
"Байжановтың әйелі орыс тілін жақсы біледі, орыс тілінде көптеген жазбалар жазды, сөйледі. Бүгін қазақ тілінде әдемі сөйлеп, қыздарының әкесін көрмейтінін айтып, жылап тұр. Менің ата-анам да дәл солай қыздарын көрмейді. Байжановтың сотта айтқан сөзін біреу жазып берген. Ол өзінің не оқып тұрғанын, қандай эмоция көрсету керек екенін ұғып тұрған жоқ. Шынымды айтсам, осының бәрі мені және менің отбасымды мазақ етуге айналып барады", – деді Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты сотталушыны өмір бойына соттау әділ емес екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Дамир Ишмаметов сотталушы Бақытжан Байжановтың сөздеріне қарсылық білдірді.
Өз кезегінде Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевтың анасы мен оның отбасы өздерін заңнан жоғары санайтынын айтты.