"Орташа есеппен 7,5 жылға сотталады": Ішкі істер министрлігі ең жас есірткі тасымалдаушының жасын айтты
Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған есірткі тасымалдаушылар нақты шартты жазаға кесіледі. Биыл алты жасөспірім сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: news.myseldon.com
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, осы жылдың 10 айында Қазақстаннан есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен кәмелетке толмаған 30 жасөспірім ұсталған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер ведомство басшысының орынбасарынан Қазақстанда жас есірткі тасымалдаушылар нақты қандай жаза алатынын сұрады.
"Орташа алғанда, барлық жағдайлар мен жастарын ескере отырып 7,5 жыл. Әрине, оларды Telegram арналары арқылы белгісіз адам лақап атпен жұмысқа алып, адастырып жатады. Тіпті олар жұмысқа қабылдағанда кәмелеттік жасқа толмағандарды түрмеге қамамайды деп алдайды. Шындығында кәмелеттік жасқа толмағанына қарамастан түрмеде отырғандар бар.
Ең жасы 14 жаста", - деді Бақытжан Әмірханов.
Ол мұндай зардаптарға тап болмас үшін ата-аналарды балаларының мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстауға шақырды.