Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ортада бала болса, бәрі өзгереді деп сенді": Нүкенованың ағасы қарындасы мен Бишімбаевтың арақатынасы туралы айтты

Күйеуі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді ресейлік журналист Елена Погребижскаяға сұхбат беріп, марқұм қарындасы мен Бишімбаевтың қарым-қатынасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скриншот

Айтбек Амангелдінің айтуынша, қарындасы отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарағандықтан, тұрмысқа шығуға асықпаған. Ол неке мәңгілік болуы керек деген түсінікте болған екен.

“Ол некелесу кезінде қателесуден қорықты. Салтанаттың ойынша, адам ажыраспайтындай болып нық қадам жасауы керек. Оның үстіне менің ажырасқанымды да көріп, бұл мәселеде сақ болған”, – деді ол

Алғашында Салтанатқа Бишімбаев мүлдем ұнамаған. Экс-министр оның типажындағы жігіт болмаған, бірақ ол сонда да арудың көңілін табудың бар амалын жасапты. 

“Салтанаттың көңілін аударған нәрсе – екеуінде бір салаға деген қызығушылық болды. Астрологияны зерттеді. Ол Қуандықпен сөйлескен ұнайды, өте қызық адам деп айтты. Салтанат құдды гипноздалып қалғандай болды”, – дейді Айтбек Амангелді.

Салтанаттың отбасы Бишімбаевтың жемқорлық үшін сотты болғанын біліп, арақатынасқа қарсы болған. Алайда Салтанат “бұл өтірік, сенбеңіздер, оған жала жапқан” деп олардың ойын өзгертуге тырысыпты.

Айтбек Амангелді күйеу баласын алғаш көргенде де оны жақтырмай қалғанын айтады. Сөзінше, құдалық болған күні Бишімбаевтың көзінде немқұрайлылық байқалған.

“Ештеңеге назар салмай отырғаны ұнамай қалды. Айналасына бәрібір болды. Басын көкке көтеріп, төбеге қарап отырған еді”, – деді марқұмның ағасы. 

Айтбек Амангелді Бишімбаевтың мінезіндегі олқылықты ең бірінші рет жаңа жыл мерекесінде қонаққа барғанда байқаған. 

“Үйде Қуандықтың ата-анасы, балалары болды. Сол кезде Байжанов әйелімен бірге мерекені құттықтап келді, сыйлақтарын берді. Олардың келетінін білмегесін Салтанат сасып қалып, не сыйлық берерін білмей, бір затты берген. Соған Қуандық ашуланып, “менің сыйлаған затымды неге бересің?” деп шу шығарды. Ренжіп, үйден шығып кетті. 

Шыршаның астында Қуандықтың балаларына жасаған сыйлықтары тұрған. Олар мұны ашуға бола ма деп ата-әжесінен сұрады. Бір кезде Қуандық келді де, айқайға басты. Балаларына ұрысып, “мені рұқсатымсыз неге аласыңдар?” деді. Ата-анасын тілдеп, “мені сыйламайсыңдар” деп ашулана бастады. Әкесі “қой” дегенінде, оны қорлап, “өмірімді құрттың” деп айқайлады, анасын боқтады. Мен анасына боқтық сөз айтатын адамды бірінші рет көрген едім. Салтанатты алып кеткім келді, бірақ ол келіскен жоқ. “Қазір сабасына түседі” деді. Ал Қуандықтың анасы менен кешірім сұрады. Мен кеткен соң үстелді төңкеріп жіберіпті”, – деді Амангелді.

Айтуынша, 9 наурыз күні Бишімбаев Нүкенованы соққыға жыққанда, қарындас ағасына айтуды жөн көріп, фотосын жберіпті. Осы кезде Айтбек Қуандыққа қоңырау шалып, кездесу керек деген. 

“Үйге барып, Салтанатты іздедім. Бірақ Қуандық мені қолымнан қысып, “бұл – біздің отбасымыз, араласпа, менің әйелім ол” деді. Салдарынан төбелес басталды. Қуандықтың анасына қоңырау шалып, “Ренжімеңіз, сіздің балаңыз – сотталған қылмыскер, мен Салтанатты алып кетемін дедім”, – деп баяндады марқұмның бауыры. 

Оның айтуынша, осы қарым-қатынаста Салтанаттың рухы сынған. Ол “мен танитын, мен білетін Салтанат өзіне қол көтертіп қоймас еді, мұндай арақатынасты шыдамас еді” дейді ол. Айтбек Салтанатты психологқа апарып, ажырасуға көндірмек болған. Алайда Нүкенован жағдай жақсаратынына сенген.

“Оның өмірі өте ауыр болды, ол жалғыз, мен оны аяймын. Менен кешірім сұрап, бар махаббатын білдіріп жүр. Оның достары да жоқ, ол жалғызсырап қалады” дейтін. Салтанат астрологиялық талдау кезінде жағымсыз танымалдылықты көрді және жақын адамының өлімін болжады. Ол Қуандық өледі деп ойлап, өмірінің соңғы күндерінде жанында болғысы келді”, – деді Айтбек Амангелді. 

Сондай-ақ ол балалы болуды қалаған. Сөзінше, ортада бала пайда болса, бәрі өзгереді дегенге сенген. 

Айтбек Амангелді қарындасы Бишімбаевтың ақшасына қызықты, оған қаржылай тәуелді болды деген ойларды жоққа шығарды. Айтуынша, Нүкенованың 3 сағаттық консультациясы бес мыңнан 80 мыңға дейін болған. Соның арқасында күніне кемінде 150 мың теңге табыс тапқан. Себебі клиенттері көп болыпты. 

Талқылау