"Орыстарға соғыс қажет пе": Зеленский ресейліктерге бейнеүндеу жолдады
Украина президенті Владимир Зеленский 24 ақпанға қараған түні орыс тілінде ресейліктерге арналған бейнеүндеу жолдады. Зеленский Украина халқы бейбітшілікті қалайтынын айтып, ресейліктерді татулыққа шақырды. Президенттің толық үндеуін "Украинская правда" басылымы жариялаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгін Ресей Федерациясының президентімен телефон арқылы сөйлеспек болдым. Нәтиже – тыныштық. Алайда тыныштық Донбасста болу керек. Сондықтан мен барлық Ресей тұрғындарына үндеу жолдағым келеді. Президент ретінде емес, ресейліктерге Украина азаматы ретінде айтамын.
Сіз бен бізді жалпы ұзындығы 2 000 шақырымнан асатын ортақ шекара бөліп жатыр. Қазір мұнда сіздердің әскерлеріңіз, шамамен 200 мың сарбаз бен мыңдаған әскери машина тұр. Басшылықтарыңыз басқа елдің аумағына қарай қадам жасауға рұқсат берді. Бұл Еуропа құрлығында үлкен соғысқа алып келуі мүмкін", - деді Зеленский өз үндеуінде.
Украина президенті соғыстың басталуына кез келген нәрсе себеп бола алатынын мәлімдеді. Кез келген арандатушылық, кез келген жалын барлығын өртеп жіберуі мүмкін екенін жеткізді.
"Сіздерге бұл жалынның Украинаға бостандық алып келетінін айтып жатыр. Бірақ украиналықтар онсыз да еркін. Ол тарихын біледі және өз болашағының іргетасын қалауда. Теледидардан айтқандай бұзып жатқан жоқ.
Сіздердің теледидарларыңыз бен Украинадағы жаңалықтар екі түрлі дүние. Басты айырмашылық – біздікі шындық", - деп қосты Зеленский.
Зеленскийдің сөзінше, украиналықтар ұлтшылдар емес. Олар Ұлы Отан Соғысында неміс ұлтшылдарын жеңу үшін 8 миллионнан аса азаматтарынан айырылған.
"Мен қалай ұлтшыл болайын? Мұны Кеңес әскерінде қызмет етіп, Украинада полковник болып дүниеден өткен атама айтыңдар.
Бізді орыс мәдениетін ұнатпайды деп жатыр. Бірақ басқа мәдениетті, кез келген мәдениетті қалай жақтырмауға болады. Көршілер әр уақытта бір-бірін мәдени тұрғыдан байытып отырған, дегенмен бұл бізді біртұтас етпейді. Біз әр түрліміз, алайда бұл соғыстың себебі емес. Біз болашағамызды өзіміз анықтап, тарихымызды тыныш, бейбіт, әділ жолмен жасағымыз келеді", - дейді Зеленский.
Президент еш себепсіз Донбасста оқ атуға бұйрық бермейтінін мәлімдеді.
"Менің Донбассқа басып кіруге бұйрық беретінімді айтуда. Әрине, сұрақтар бар және қарапайым. Мен кімге оқ атамын? Нені жармақпын? Өзім он шақты рет болған Донецкті ме? Достарыммен серуендеген Артемді ме? Немесе жергілікті тұрғындармен Еуро ойындарында жанкүйер болған Донбасс-аренаны ма? Біздің жігіттер жеңіліп қалғанда ішімдік ішкен Щербаков саябағын ба? Менің ең жақын досымның анасы тұратын Луганскті ме? Әлде жақын досымның әкесі жерленген жерді ме?
Байқасаңыздар, қазір мен орыс тілінде сөйлеп тұрмын, алайда Ресейде мұны ешкім түсінбейді. Бұл көшелер, бұл атаулар, бұл оқиғалар – сіздерге жат, таныс емес. Бұл біздің жер, біздің тарих, сонда сіздер кіммен және не үшін соғыспақсыздар?", - деп сауал қойды Украина президенті.
Зеленский Украина халқының тек бейбітшілікті қалайтынын мәлімдеді. Ал ел билігі соғыстың алдын алу үшін барлығын жасап жатқанын қосып өтті
"Біз жалғыз емеспіз және бұл шындық. Украинаны көптеген мемлекеттер қолдап отыр. Неліктен? Әңгіме тек бейбітшілікті сақтап қалуда ғана емес. Әңгіме әділдікте, халықаралық құқықта, таңдау құқығында, өз болашағын өзі анықтау құқығында, әр қоғамның қауіпсіз болуы мен әр адамның қауіпсіз өмір сүруге деген құқығында.
Қазір бұлардың барлығы әлем үшін маңызды болып отыр. Бұл сіздер үшін де маңызды. Бізге соғыс қажет емес, салқын болсын, ыстық болсын. Алайда бізге соғыс ашылса, мемлекетімізді тартып алғысы келсе, өз өміріміз бен баларымыздың өмірін қорғаймыз. Шегінбейміз, қорғаймыз", - деп қосты президент
Украина басшысы соғыстың ең үлкен қайғы екенін айтты. Мұнда тек ақша, өмір деңгейі мен бостандықтан ғана айырылып қоймайды дейді. Соғыста адамдар жақындарын жоғалтатынын айтты.
"Сіздерге Украина Ресей үшін қауіп төндіріп отыр дейді. Бұл бұрын болмаған, қазір де, болашақта да болмайды. Сіздер НАТО-дан қауіпсіздік туралы кепілдік сұрап отырсыздар. Ал біз өзіміздің, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік сұраймыз. Сіздерден, Ресейден және Будапешт меморандумының басқа да қатысушыларынан", - деді Зеленский.
Зеленский Украинаға төнген қауіптің барлық Еуропаға төнген қауіп екенін атап өтті. Сонымен қатар басты мақсаты Украинадағы бейбітшілік, азаматтардың қауіпсіздігі екенін де айтты.
Украина президентінің сөзінше, соғыс барлық кепілдерден айырады. Ал қарапайым адамдар осы соғыстың алдын ала алады дейді.
"Мен өз үндеуімнің Ресей телеарналарында көрсетілмейтінін білемін. Бірақ ресейліктер мұны көреді. Олар шындықты білуі керек. Ал шындық – кеш болмай тұрғанда тоқтау. Егер Ресей билігі бейбітшілік үшін үстел басына отыруға қарсы болса, бәлкім сіздермен келісетін шығар.
Ресейліктерге соғыс қажет пе? Бұл сұраққа өзімнің жауап бергім келеді. Алайда жауаптың қандай болары сіздерге байланысты", - деп түйіндеді Зеленский.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путин Украинамен қарым-қатынасты қалпына келтірудің үш жолын атаған еді.