Бұрынғы басшының қарызына байланысты жарықсыз қалған: Орал тұрғындары жолды жапты
3 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Орал қаласы маңындағы "Құс фабрикасы" бау-бақша серіктестігінің тұрғындары өз мәселелеріне назар аударту мақсатында айналма жолды жапқан. Тұрғындар тәулік бойы электр жарығының болмауына наразы. Олардың айтуынша, бұрынғы серіктестік төрағасы электр қуатына жиналған төлемдерді тиісті компанияға аудармай кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sarapshy.info порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Sarapshy.info
Мәліметтерге сенсек, аудан тұрғындарының Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясына қарызы 71 миллион теңгеге жеткен. Осы себепті 3 ақпан күні таңғы сағат 11:00-де электр қуаты толығымен өшірілген.
Аталған ауданда 2 200-ден астам үй бар. Ал жарықсыз қалу тұрғындарға үлкен қиындық туғызып отыр. “Құс фабрикасы” бау-бақша серіктестігі болғандықтан, мұнда 1 кВт/сағ электр энергиясының бағасы – 32,60 теңге, ал Орал қаласы бойынша орташа тариф – 28,16 теңге.
Қыстың ортасында жарық пен жылудан айырылған тұрғындар наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, электр энергиясына төлемді бұрынғы серіктестік төрағасы Асылбек Қабесовтың Kaspi нөміріне аударып келген немесе кеңсеге барып, қолма-қол төлеген.
Аудан тұрғыны Әзиза бұрынғы төраға кезінде жарықтың өшпегенін айтып, қазір неге өшірілгеніне таңданды.
“Қыстыгүні үйдің іші салқын. Балалар сабақтан келді. Халық ашынғаннан осында шықты. Бұрынғы төрағаның қарызы жабылмай, жарықты қоспаймыз дейді. Осы уақытқа дейін бұрынғы төраға қарызды неге жаппаған? Оған неге халық кінәлі? Бізде жеке шот (лицевой счет) жоқ. Бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтың есепшотына немесе кеңсеге келіп, қолма-қол төлеп жүрдік. Халық қарыз емес. Ай сайын жарықтың, газдың ақшасын төлеп тұр. Қалалық электр желілері бастығынан сұрап жатырмыз. Олар осы уақытқа дейін бұрынғы төрағадан неге сұрамаған? Есеп сұрамай ма? Ал қазір жаңа төрағаға келіп, "Жарықты өшіреміз. Сендер мына қарызды төлеуге міндеттісіңдер" деген нәрсені неге айтып тұр?” – дейді тұрғын Әзиза.
Ал Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының Бақылау және есеп жөніндегі директор Рүстем Нұрболатұлы шағым түскеннен кейін жарықты өшіріп тастағанын айтты. Әр тұрғынға жеке шот ашу үшін техникалық жағдайға қарау керек деп отыр.
“Бізге Зачагандағы бау-бақша серіктестігінің электр қуатын өткеру жөнінде 72 миллион теңге қарызы бар екені туралы шағым түсті. Біз жарықты сол үшін өшіріп тастадық. Шарт бойынша тек он трансформатор бар. Сол он есетпегіш құрылғысы бойынша шығады. Біз әрбір үйге кіре алмаймыз. Әрі қарай әрекетті әкімдік шешуі керек”, – деді Рүстем Нұрболатұлы.
Ал "Құс фабрикасы" бау-бақша серіктестігінің қазіргі төрағасы Асхат Әнесұлы әлі Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясымен келісімшартқа отырып үлгермегенін айтты.
“Қазір халықтың көтеріліп жатқан себебі — РЭК-ке ("Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС) осы аудан тұрғындарының жарыққа берешек болғаны. Маған дейінгі тағайындалған төраға Асылбек Қабесов ақшаны РЭК-ке төлемей келген. Қазіргі кезде 71 миллион теңге болған. Олар келді де жарықты өшіріп тастады. Ал мен ақшаны төлеп үлгерген жоқпын. Маған төле деп жатыр. Мені әлі РЭК-пен келісімшартқа отырған жоқпын”, – деді бау-бақша серіктестігінің басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы River Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары медиамагнат Арманжан Байтасовтың аккаунтына шабуыл жасады. Себебі онымен байланысты "ART-Media" компаниясы заңсыз бірнеше тұрғын үй кешенін салған. Онымен қоймай компания кесірінен пәтер қарызға батып, тұрғындары жарықсыз қалғалы отыр.