Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңсыз темекі сатқан оралдық ер адам мемлекетке 94 миллион теңге қайтарды

Қаржы мониторингі агенттігі Орал тұрғыны екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ шетелде өндірілген темекі өнімдерін қомақты сомаға сатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels-photo

Мәліметтерге сүйенсек, бұл іске қатысты тергеуді ведомствоның Батыс Қазақстан облысындағы департаменті аяқтады. Заңсыз темекі өнімдерінің жалпы саны 136 мың қорап, ал оның құны 94 миллион теңгеден асады. 

Айыпталушы 2023 жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктері мен Германияда өндірілген екі өлшемді цифрлық белгісі жоқ, түрлі маркадағы темекі өнімдерін сатып алғаны анықталды.



Бұл ретте ол екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ темекі өнімдерінің айналымына тыйым салатын "Темекі бұйымдарын өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңының және Салық кодексін бұза отырып, аталған өнімдерді Орал қаласындағы әртүрлі сауда орнында өткізген.

Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырды. Ал "темекі" заттай айғағы мемлекет кірісіне айналдырылды.

Еске салайық, Қазақстанда темекі өнімдерінің бағасы көтеріліп жатса да, былтыр темекі сатылымы 69% өскенін жаздық. Ал темекі өндірісі 4% өсті. Қазақстандық темекі фабрикалары өткен жылмен салыстырғанда 4 миллиардқа көбірек табыс тапты. Сарапшылар берген ақпаратқа сәйкес, Қазақстан вейпке тыйым салып отырған бірінші ел емес. Әлемде 30-ға жуық ел электронды темекіні таратуға және сатуға тыйым салған. Мұндай әрекетті қылмыстық жауапқа тартады. 

Талқылау