Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында мас күйде келінін балағаттаған ене 10 күнге қамауға алынды

Келінін балағаттаған Қызылорда облысының тұрғыны 10 тәулікке қамалып, оған ішімдік ішуге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Соттың мәлімдеуінше, әйел мас болып келіп, үйде айғай шығарып, келініне бейәдеп сөздер айтқан. Осылайша отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастағы адамдарға құрметсіздік көрсеткен.

“Бұған дейін 2024 жылы 11 сәуірде дәл осындай әрекеті үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту жазасы тағайындалды. Алайда бұз ісінен нәтиже шығарудың орнына тағы да құқық бұзушылық әрекет жасаған”, – деп мәлімдеді сот.

Жәбірленуші соттан енесіне шара қолдануды сұрады. Себебі мұндай жағдайлар жиі болып тұратын көрінеді.

“Құқық бұзушының әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі іс материалдарымен және оның мойындауымен дәлелденді. Сот қаулысымен айыпталушы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", – делінген хабарламада.



Сондай-ақ сот құқық бұзушыға үш ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салды.

Бұған дейін Түркістанда 30 жыл бірге тұрған күйеуін белбеумен буындырып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шыққан еді.

Талқылау