Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онсыз да жазамды алдым": Ақтөбе облысында оқушыларды жарысқа өз көлігімен апарып, жол апатына ұшыраған мұғалімге сот үкімі шықты

Ақтөбе облысында оқушыларды қалаға жарысқа өз көлігімен апарып, жол апатына ұшыраған мұғалімге сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

11 наурызда Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 26 жастағы мұғалімге қатысты үкім шықты.

2023 жылы 19 желтоқсанда Темірастау орта мектебінің мұғалімі сол мектеп директорының орынбасарымен бірге бес баланы пәндік олимпиадаға апарған. Олардың арасында өзінің қарындасы да болған. Жолда кәмелетке толмаған жолаушылары бар Toyota жүк көлігімен соқтығысыпты. Салдарынан директордың орынбасары мен екі жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушінің қарындасы мерт болды.

Жол апатына сотталушының көлігі қарсы жолаққа шығып кетуі себеп болғаны анықталды.

"Мен онсыз да жазамды алдым. Бұл ауыртпалықты өмір бойына көтеріп жүруге мәжбүрмін”, – деді 26 жастағы мұғалім.

Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша бұл әрекеті үшін оған 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Прокурор соттан оны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушының балалары бар екені, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғаны, кінәсін мойындағаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылды. 

"Соттың үкімімен Ш-ға көлік құралын 7 жыл басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық полиция департаментіне оқушылармен ілесіп жүрмегені үшін және білім бөліміне аудандық білім басқармасы тарапынан бақылау болмағаны үшін 2 жеке қаулы шығарылды", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 19 желтоқсанында Жаныс би ауылынан мектепішілік олимпиадаға 10 оқушы бармақ болған. Белгіленген уақытта полицияның ілесуімен бесеуі ғана кетіп қалды.

Кейін басқа балалармен бірге кеткен жүргізуші жол апатына ұшыраған. Полицейлердің айтуынша, жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп, көп тонналық жүк көлігімен соқтығысқан. Оныншы сыныптың екі оқушысы мен ауылдық мектеп директорының орынбасары оқиға орнында көз жұмды.

Талқылау