Олимпиада жүлдегерлері Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай елге оралды
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды Астана жұрты, жақындары мен жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды. Спортшы өзіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Астана әуежайына келген боксшы Олипиададан кейін өкінішін айтып, келесі додада алтын медаль жеңіп алуға уәде берді.
“Қолдауларыңызға рахмет! Өкінішке қарай, екінші орын болып қалды. Сіздер үшін алтын алғым келген. Қазақ елін қуантып, Әнұранды шырқатқым келген еді. Келесі Олимпиадада бар күшімді салып, елге абыроймен оралып, қазақ елін қуантам деп ойлаймын. Баршаңызға рақмет”, – деді Нұрбек Оралбай.
Назым Қызайбай да Алматы әуежайында жақындарымен және жанкүйерлерімен қауышты. Алматылықтар қола жүлдегердің келуіне орай ән шырқап, шашу шаты.
Спортшының жеке бапкері Назымның алдағы уақытта тынығып, күш жинайтынын айтты. Бапкер келесі Олипиадада алтын медальдан үмітті екенін жасырмады.
“Назым еңбекқор спортшы. Еңбекқорлығының арқасында Қазақстан чемпионатын ұтып, лицензия алып, Олимпиадаға қатысты. Төрт кездесу өткізіп, біреуінде ғана ұтылып қалды. Ендігі жоспарымыз демалып, күш жинау. Меніңше, Назым әлі спортқа нүктесін қойған жоқ. Әлі келесі Олимпиадаға қатысып, алтын алады деп ойлаймы”, – деді Долкунжан Камеков.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасын жалғыз күміс жүлдемен аяқтады. 80 келідегі Нұрбек Оралбай финалда украиналық боксшыға есе жіберді.
Ал Назым Қызайбай ширек финалда Колумбия өкілі Ингрит Валенсияны ұтқанымен, жартылай финалда қытайлық боксшы У Юймен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша ұтылып қалды. Осылайша, Назым Қызайбай Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанды.