Экс-әкім Шөкеевтің олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновқа сыйлаған пәтері жалдамалы болып шықты
Токио Олимпиадасының бокстан қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа сыйға тартылған пәтер жалдамалы баспана болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Otyrar.kz
Спортшы 2021 жылдан бері баспананы өз атына ресімдей алмай жүр. Сол уақыттағы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтер берген. Алайда әлем чемпионына заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті.
Олимпиада жүлдегері жағдайдың жай-жапсарын сұхбатта айтып берді.
"Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатынан кейін маған Түркістаннан екі бөлмелі пәтер берді. Алайда, ол жалдау құқығымен рәсімделді. Ал бұл келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына үш бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Десе де, облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді", – деді боксшы.
Сәкен Бибосынов бапкерім Мырзағали Айтжановтың бұл жағдайдан хабардар екенін, бірақ ол кісіні бұл жайтқа кірістірмегенін айтады.
"Жақында спорт қорының басшысы Азамат Қаршығаевқа бұл жағдайды айттым. Олар хат жазып, мәселені шешімін табуға көмектесеміз деп отыр", – дейді Сәкен Бибосынов.
Оның айтуынша, қазір келіп оған "пәтерді босат" десе, ештеңе істей алмайтынын және берілген үйді өз атына рәсімдей алмайтынын жеткізді.
Олимпиада жүлдегері жауыр болған бұл әңгімеден кейін жергілікті биліктен көңілі қалған екен. Себебі әкімдік маңындағылар танымал спортшының сұранысын тез арада шешіп береміз деп уәде беруден шаршамайды екен.
"Токио олимпиадасында Түркістан облысы бойынша мен жалғыз жүлдегер атанған спортшы болдым. Ал облыс жұрты мені қуана қарсы алып, әкімдіктегілер сол кезде уәдені берді. Көп күттірмей баспана да берді. Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанымның соңы уайымға ұласты. Себебі рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес, бірақ жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын", – деді Сәкен Бибосынов.
Түркістан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы пәтердің шынымен де жалға берілетінін растады. Дегенмен, басқарма қазір демеушілерді іздеп, мәселені шешуге кірісіп жатқанын айтты. Сонымен қатар мекеме баспана Сәкен Бибосыновтың меншігіне өтетініне уәде берді.