Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ең көп қаржы төлейтін қай мемлекет

Төрт жылдықтың басты додасы саналатын олимпиада ойындары спортшыны атақ-даңққа ғана бөлемей, қомақты қаржы табуға да көмектеседі. Олимпиада чемпионы атанған кез келген спортшы өз елінің қаһарманы атанып, үлде мен бүлдеге бөленеді. Осы орайда, Stan.kz ақпарат агенттігі олимпиадада топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшыларға ең көп қаржы беретін мемлекеттер туралы сараптама жасауды ұйғарды. 

Фото: AFP

Төрткүл дүние көз тігетін Париж олимпиадасына да бір айдай уақыт қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сынға түсетін додада спортшылар атақ-даңқтан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін қомақты қаржыға да ие болады. Олимпиадада топ жарған спортшыларға ең көп сыйақы беретін елдердің көшін Сингапур бастап тұр. Сингапур мемлекеті олимпиада чемпиондарына 737 000 доллар төлесе, күміс жүлдегерге 369 000, үздік үштіктен көрінген спортшыға 184 000 доллар көлемінде сыйақы береді. Бірақ Токио олимпиадасында сынға түскен Сингапур құрамасының 23 спортшысының бірде-біреуі алтын тұрмақ, жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған. Ал Париждегі дүрмекке Сингапур құрамасы спорттың 9 түрінен жиырмадай жолдама иеленген. 

Тайвань елі де олимпиадада топ жарған спортшыларға өте көп қомақты қаржы тағайындаған. Олимпиада ойындарының чемпионы атанған спортшылар 719 000 доллар иеленсе, күміс жүлдегерлерге 232 000, қола жүлдегерлер 180 000 доллар көлемінде сыйақы алады. Тайпэйлік спортшылар Токио олимпиадасында бадминтон мен ауыр атлетикадан алтын иеленген еді. Сондай-ақ Тайвань елінің жұлдызды спортшысы, дзюдошы Ян Юн Вэй Елдос Сметовпен бірге жеңіс тұғырының екінші сатысында тұрды. Осылайша Юн Вэй күміс жүлдесі үшін мемлекет тарапынан 232 000 доллар көлемінде сыйақы алды. 

Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына ең көп қаржы беретін елдердің ішінде үздік үштікте Ганконг пен Израиль мемлекеті тұр. Гонконг олимпиада чемпионы атанған спортшыларға 644 000 доллар берсе, Израиль мемлекеті 640 000 доллар сыйақы тағайындаған. Ал күміс жүлде иеленген Ганконг елінің спортшылары 322 000 доллар алса, израилдік спортшылар 210 000 доллар иеленеді. Қола жүлдегерлер 161 000 мен 130 000 долларға ие болады. Израиль тарихында олимпиада ойындарының чемпионы атанған үш-ақ спортшы бар. Соның екеуі Токио олимпиадасында көркем гимнастикадан Линой Ашрам, спорттық гимнастикадан Артём Долгопят алтын алған. Ал Гонконг елінің спортшыларынан Токио олимпиадасында семсерші Чун Ка Лонг қана алтын медаль иеленген еді. 

Түркия елі де олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты қаржы береді. Олимпиада чемпиондары 380 000 доллар алса, күміс және қол жүлдегерлер 230 000 және  115 000 доллар иеленеді. Индонезия да олимпиада чемпиондарына қомақты қаржы беретін елдердің қатарында. Индонезия құрамасында чемпион атанған спортшылар 346 000 долларға ие болса, күміс жүлдегерлер 138 000 доллар алады. Ал қола жүлде алған спортшылар күміс жүлдегерлерден екі есе аз ақша алады. 

ТМД елдерінің ішінде олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ең көп қаржы беретін елдердің көшін Қазақстан бастап тұр. Еліміз чемпион атанған спортшыларға 250 000, екінші және үшінші орынға алғандарға 150 000 және 75 000 доллар тағайындаған. Малазия елінің спортшылары олимпиадада топ жарғаны үшін 236 000 доллар иеленсе, Әзірбайжан елі чемпиондарына 235 000 доллар қарастырған. Бір қызығы, Малазия күміс пен қола жүлдегерлерге 71 000 және 24 000 доллар ғана бөлген. Ал әзірбайжандық спортшылар күміс жүлде үшін 117 000 доллар, қола үшін 59 000 доллар көлемінде ақша алады. 

Еуропа елдерінің ішінде олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ең көп қаржыны Италия елі береді. Италиялық спортшылар олимпиада чемпионы атанғаны үшін 212 000 доллар алса, күміс пен қола жүлде үшін 106 000 және 71 000 доллар көлемінде сыйақы қарастырылған. Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ең көп қаржы төлейтін елдердің ішінде үздік ондықты Өзбекстан мен Филиппин мемлекеті қорытындылайды. Екі ел де чемпиондарына 200 000 доллардан берсе, өзбекстандық күміс жүлдегерлер 100 000, филиппиндіктер 99 000 доллар алады. Шамамен қола жүлдегерлердің алатын қаржылары да шамалас.            

Талқылау