Олигархтардың ұлдарымен төбелескені үшін сотталған актер Тоқаевқа хат жолдады
Қазақстандық олигархтар Бахаридин Әбләзімов пен Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлдары Нұрмұхамет Нұғман мен Жармұхамед Аппаз арасындағы төбелеске байланысты сотталған актер Асқар Жұмабек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мен сізге басқа үмітім қалмағандықтан хат жазып отырмын. Үмітім тек өзіңізде. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, мен адал және объективті тергеу жүргізуді талап етуге толық құқығым бар. Өкінішке орай мен мұндай шынайы тергеуге қол жеткізе алмадым. Прокуратура, соттар, әсіресе тергеу органдары, шындықты көрмейді немесе көргісі келмейді. Мен сыбайлас жемқорлықтың кезекті құрбанымын", – деп жазды Асқар Жұмабек мемлекет басшысына жазған хатында.
Ол өзінің адал, заңға бағынатын адам екенін баса айтты.
"Құрметті, президент! Сізден менің ісімді жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Өйткені, мен қазір қамауға алынып, ұзақ мерзімге сотталдым. Менің жағдайымда – мен кінәлімін! Бірақ бұл іске қатысы бар барлық азаматтардың да жазаланғанын қалаймын. Өйткені бұған тек мен ғана емес, барлық қатысушылар кінәлі. Мен өздері бірінші қоғамдық тәртіпті бұзып, артынша жәбірленуші болып шыққан жәбірленуші тарапты айтып отырмын", – деп жазды актер.
Ол бұл істе көптеген заңсыздықтар бар екенін атап өтті.
"Мен шығармашылықтың адамымын, бәрі жас актер ретінде таниды. Отбасы құрамағанмын, өмір жолымды енді ғана бастадым. Қазір менің тағдырым сіздің қолыңызда. Құрметті, президент, сіздің уақытыңыз аз екенін түсінемін. Алайда әрбір азаматтың ұсынысына ашық екеніңізді жақсы білемін. Осы хатты жазу арқылы тергеудің шынайы жүргізілуінен үміттімін. Тергеу изоляторында менің хатымнан үмітті адамдар көп. Өйткені мен барлық Қазақстан азаматтары сияқты әділдікке сенемін. Менің ісімді қайтарып, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес неғұрлым объективті қарап, әділ шара қолдануды сұраймын", – деп өтініш білдірді Асқар Жұмабек.
Айта кетейік, 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдағы Little Brazil караоке-барына жаппай төбелес болған. Отандық актер Асқар Жұмабек те жаға жыртысқандардың қатарынан табылып, басы дауға қалды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің кінәсіз екенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады.
Төбелеске қатысқан айыпкерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі "Атыс және газды қаруды қолдана отырып жасалған ұсақ бұзақылық", ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру", ҚК-тің 107-бабының 2-бөлігі "Екі немесе одан да көп адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағады деген айып тағылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын.
Асқар Жұмабек – “Рауза”, “Қарлығаш ұя салғанда”, “Алғашқы махаббат”, Ақ жауын” сынды отандық сериалдар арқылы өз көрерменін тапқан қазақстандық актер.