"Ол құдаша болып келді": Асылхан Төлепов әйелімен қалай танысқанын айтып берді
Қазақстандық актер Асылхан Төлепов жарымен таныстығы жайлы айтты. Қарапайымдылықты жаны сүйетін азамат тойын да қарапайым өткізген еді. Көпшілікке үлгі болу үшін той қыдырысын да жасаған жоқ. Актер одан өзге мақсаты мен принциптері жайлы сөз қозғады.
Бұл туралы ER-BATYR жобасында айтылды.
Асылхан Төлепов жары Айсұлумен тойда танысқанын айтады. Бір-екі ай қыз-жігіт болып кездесіп, кейін ағасынан бұрын шаңарық көтерді. Бір көргеннен ғашық болмаса да, қыз мінезіне көз жеткен соң жар етуді жөн көрген.
“Балқаш қаласына ағамның тойына бардық. Сол кезде Айсұлу құдаша болып келді. Сол жерде таныстық. Бір көргеннен ғашық болып қалдым деп айта алмаймын. Сөйлесіп жүрдік. Бір-екі ай өткенде ағам Артурмен сөйлестім. Егер үйленетін ойы жоқ болса, мен үйленейін деп рұқсатын алдым. Ол ата-анамызбен ақылдас деді. Ата-анам да қарсы болмады. Солай ата-ананың қосылғандарына 28 жыл болған датаны таңдап, сол кезде той жасадық. Той қыдырысы болған жоқ. 30 жетім баланы асырап отырған Әмина апаға барып, қой сойып, батасын алып, әңгіме айтып қайттық. Фототүсірілім жасадық. Кешке тойға кешікпей бардық. Мен артық шығынды, ысырапты ұнатпаймын. Перзентханадан баланы улап-шулап күтіп алғанды да ұнатпаймын. Мүмкін басқа әйелдердің де солай шыққысы келетін шығар. Оның күйеуінің жағдайы жоқ шығар. Басқаларды қызықтырғым келмейді. Шамам жетеді, бірақ маған қарапаймыдылық ұнайды. Басқаға мақтаныш үшін жасағым келмейді”, – деді ол.
- Асылхан Төлепов: Мен Super Star KZ жобасына қатысып, екінші орын алғанмын
- "Әлі соңымыздан келе жатыр": Асылхан Төлеповтің келіншегі күйеуінің артынан қалмай қойған қыздар туралы айтты
Актер отбасында әкесінің тік мінезді екенін айтады. Әйеліне үй шарусына көмектесуден бас тартпайды. Ал әйел затына қол көтергенді мүлде құп көрмейді.
“Менің әкем өте тура адам. Өтірікті жек көреді. Біреу өтірік айтса, ұнатпай қалады. Қарапайым өмір сүрдік. 15 жыл жатақханада тұрдық. Бірақ әкем ер мінезділігін жоғалтқан емес. Атқа отырса ат жарасады, таққа отырса таққа жарасады. Отбасында анам, жарым, қарындасым, жеңгем бар. Олар бізге әйелдің жұмысын істетпейді. Егер көмек сұраса, бас тартпаймын. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Ал әйелді ұру еркектік емес. Ақылды әйел өзін ұруға дейін апарады деп ойламаймын. Нағыз ер ол әйелін ұратын азамат емес. Еркектікті көрсететін жер болады. Бірақ әйелді ұру – еркектік емес”, – деді актер.
Асылхан Шәкен Аймановтай артымнан із қалдырсам дейді. Атым өшсе де, затым өшпесе екен деп армандайды.
“Отбасында ата-анама жақсылық жасау, бала-шағамды жетілдіру – мақсатым. Ал шығармашылықта бір өшпес із қалдырсам деймін. Шәкен атамыздай еңбегім қалса деймін”, –деді ол.