Үкімді жеңілдетуге уәде берген: Елордалық әйел Бишімбаевтың туыстарынан 100 миллион теңге жымқырды деп айыпталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет астаналық әйел Қуандық Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін 100 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қ.Бишімбаевтың туыстарының өтініші бойынша елорда тұрғыны Г-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
“Ол аса ірі мөлшерде алаяқтыққа оқталғаны, яғни Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдету сылтауымен алдау арқылы 100 млн теңгені иемдену бойынша күдікті. Сонымен қатар күдіктінің іс-әрекеті аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу бойынша сараланды. Оның қылмыстық әрекетінің басқа эпизодтары тексеріліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынып, тергеу жалғасып жатыр.
“Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты қандай да бір мәселелерді шешу сылтауымен алаяқтықтың, оның ішінде пара беруге итермелеумен ұштасқан алаяқтықтың жалғасып жатқан жағдайларына назар аударады”, – деді агенттік.
Еске салайық, 13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы қинады және өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотталған еді. Сотта экс-министрдің мүддесін қорғаған адвокаттардың бірі алғаш рет сот үкімі туралы мәлімдеме жасаған.