Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі жекеменшік мектептегі хиджаб кию мәселесіне қатысты ойын ашық айтты

Үкімет кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  қоғамда қыз  талқыға түскен мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 
Фото: ашық дереккөз

Министр әлеуметтік желі қолданушысының бірі баласының жеке меншік мектепке хиджаб киіп барғаны туралы жазбасына қатысты өз жауабын берді. Желі қолданушысы білім ошағы оның баласы орамал таққанына қарамастан қабылдағаны жайлы жазба қалдырған еді. 

"Бізде бәрі заң бойынша регламенттеледі. Сондықтан ол жекеменшік бола ма, мемлекеттік мектеп бола ма, бәрі сол заңға бағынып, соның шеңберінде орындалуы тиіс. Сіз қалай ойлайсыз, көпшілік болып қабылдаған заңды орындауға міндеттісіз бе?", - деп жауап берді министр.

Министр жекеменшік мектептердің оқушыны хиджабпен қабылдауға рұқсаты бар-жоқтығын және ондағы тәртіпті өңірдегі  департаменттер қадағалап отыратынын жеткізді. 

"Барлық мектептер белгіленген заң шеңберінде, белгіленген тәртіп бойынша ұйымдастырылуы керек. Жалпы бізде мониторинг деген бар. Әрбір өңірде білім сапасын қамтамасыз ететін департаменттер бар. Олар барлық өңірдегі сапаның қамтамасыз етілуін қадағалап отырады. Сол кісілерден бізге дабыл түсіп жатса, олар қарап, сол бойынша шешім қабылдайды", - деді ведомство басшысы.

Талқылау