"Октябрь": Әнші Өктем Алтаев шын есімнің тарихын айтты
Өз заманының хитмені, әнші, сазгер Өктем Алтаев “Ұйқым келмейді” бағдарламасында өзінің азан шақырып қойған есімі мен оның тарихы туралы баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/oktem_altayev
“Менің азан шақырып қойған атым – Октябрь. Әкем Қазығұрт аудандық “Қазығұрт тынысы” дейтін газетте жауапты хатшы болып жұмыс істеп жүргенде редакция алқасы жиылып, атымды Октябрь деп қойған. Мұның қазан айына ешқандай қатысы жоқ. 1960 жылы Советтер одағының 24 үздік спортшыларының тізіміне енген, қазақ волейболының атасы Октябрь Жарылқапов деген кісі болған. Сол кісінің құрметіне менің атымды Октябрь деп қойған. Ол кісі 37 жасында қайтыс болып кеткен екен. Октябрь Жарылқапов қайтыс болған соң алматылық “Буревестник” командасы Кеңестің чемпионы болады. Бір жылдан кейін Еуропа чемпиондар лигасын ұтып алады. Октябрь Жарылқапов деген кісі жұмбақтау болып жатыр, көпшілік біле бермейді. Сол кісіге қарап, менің атымды Октябрь қойған.
Бала кезде мектепке жаңадан мұғалім келеді. Көбіне Алматыдағы педагогика институтын бітіріп, ауылға қыздар келеді. Барлығы журнал бойынша оқушылармен танысады. Маған келген кезде “Атың кім?” деп сұрайды. “Октябрь” деп жауап бергенде бәрі таңғалатын. Ол кісі менімен танысып, бізге 1-2 ай сабақ беріп жүреді. Содан ауылдың бір жігіті оны алып қашып кетеді. Орнына жаңадан қыз келеді. Тағы өзімді таныстырамын. Үшіншісінде өзім ыңғайсызданып, ұяла бастадым. Бәрі таңғалады. Менің әжем менің атыма тілі келмей, “Өктем” деп атайтын. Әжем кішкентай кезімде қайтыс болып кетті. Неге мені Өктем деп атағанын білмеймін. Маған көбі Өктем деген қазақтың аты емес деп айтып жатады. Жақында Қазақстанда Өктем деген атпен сегізінші бала дүниеге келді. Сөйтсем, Өктем деген Алланың 99 атының ішінде 16-шы реттік нөмірде тұрған есімі екен”, – деп тағы есімінің тарихымен бөлісті Өктем Алтаев.
Әншінің айтуынша, көпшілікке жаңа атпен танылу оңай болмаған.
“Октябрьден Өктемге ауысуыма тағы бір үлкен себеп бар. Мен халыққа Октябрь Алтай болып танылдым. Мені институтта, әскерде бәрі Октябрь дейтін. 1992 жылы Алтаевтер отбасылық ансамблімен біз алғаш рет магнитафон жаздық. Сөйтіп альбом жазып жүргенімізде 2000 жылы ансамбльден бөлініп, Алматыда жеке әнші ретінде дамимын деп шетім. Менің Октябрь Алтаев болып кетуіме болатын еді, себебі солай менің өзіме де оңай болар еді. Бірақ қиын жолды таңдадым. Октябрь деген атымды қалдырып, Өктем Алтаев болып жеке шықтым. Бірақ жаңа атпен иммидж қалыптастыру маған қиынға соқты”, – дейді өнер иесі.