Дональд Трампқа қастандық жасалып, екі адам қаза тапты (видео)
Пенсильвания штатында сайлауалды науқанда сөз сөйлеген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың өміріне қастандық жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Wall street journal басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Известия
Алғашқы оқ атылғаннан кейін саясаткер мінбенің артына тығылды. Экс-президентті оққағарлары сахнадан алып кетті. Сайлауалды науқанда түсірілген кадрлардан Трамптың құлағы мен бетінен қан ағып жатқанын байқауға болады. Трамптың баспасөз хатшысы Стивен Чунг оның қауіпсіз жерде емделіп жатқанын айтты.
Қастандық салдарынан сайлау жиынында бір көрермен қаза тауып, екеуі ауыр жараланды.
“Трампты атқан адам ұсталды. Оны Құпия қызмет өлтірді”, – деп хабарлайды WSJ.
Қастандық әрекетінен кейін Дональд Трамп мәлімдеме жасады.
"Мен Америка Құрама Штаттарының Құпиялық қызметіне және барлық құқық қорғау органдарына Пенсильвания штатының Батлер қаласында болған атыс оқиғасында жедел әрекет еткені үшін алғыс білдіремін. Қаза болған адамның отбасына және жарақат алған адамның жақындарына көңіл айтамын. Қастандық ұйымдастырған адам туралы әзірге хабар жоқ. Оқ оң құлағымның үстін тесіп өтті. Құдай Американы жарылқасын!”, – деді Трамп.
New York Post мәліметінше, атысты снайпер жасаған. Оқиға орнынан тәртіп сақшылары AR үлгісіндегі мылтық тапты.
Көптеген әлемдік көшбасшылар Трампты қолдайтындарын айтты. АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трампқа қастандық жасалды деген ақпаратқа жауап берді.
"Оның жағдайы жақсы екеніне қуаныштымын. Оған және оның отбасына және науқанға қатысқандардың барлығы үшін дұға етемін. Оны аман алып қалған Құпиялық қызметке алғыс айтамыз. Америкада мұндай зорлық-зомбылыққа орын жоқ, бүкіл халық бірігуі керек", – деп жазды ол.
Байден саясаткерге жасалған шабуылды қастандық деп есептейсіз бе деген сауалға жауап берді.
“Қосымша түсініктеме бермес бұрын бізде барлық фактілер бар екеніне көз жеткізгім келеді", – деді ол.
Байден Трамппен байланысуға тырысқанын, бірақ ол қазір дәрігерлермен бірге екенін айтты.
"Шамасы, оның жағдайы жақсы. Мен онымен жақын арада сөйлесуді жоспарлап отырмын", – деді Байден.
Илон Маск та Трампқа қолдау білдірді.
"Президент Трампты қолдаймын және оның тез сауығып кететініне сенемін", - деп жазды Илон Маск.
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.