Нұржан Керменбаев кезінде марқұм Жанар Хамитоваға не себепті қолдау көрсетпегенін түсіндірді
Танымал әнші Нұржан Керменбаев Нұржан Еркінұлына берген сұхбатында марқұм әнші Жанар Хамитова туралы дауға қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашық дереккөзден
Жақында Нұржан Керменбаевтың “Өткен шақ” атты альбомы жарыққа шыққан болатын. Өнер иесі аталмыш альбомды бұрын жүрген қыздарна, кейбір әндер Жанар Хамитоваға арналған.
“Альбомдағы “Сен кеткелі” деген ән Жанарға арналады. Оны еш жасырмаймын, әнді тыңдаған адам өзі түсінеді. Маған әлі күнге дейін “Жанар Алматыға келіп, шығармашылыққа қайта оралған кезде, “Астарлы ақиқатқа” келгенде неге қолдамадың?” деп жазатындар бар. Сондай хейт жауды. Біріншіден, ол кезде қателеспесем, менің екі балам, отбасым, келіншегім бар. Сөйте тұра мен ескі махаббатыммен бұрынғыны езгілеп отыруым керек пе? Оны отбасым дұрыс түсінбейді. Екіншіден, осы күнге дейін қасықтап жинаған абыройымды сол бағдарламаға барып, солардың рейтингі үшін төкпеймін. Маған журналист: “Жанар келді. Сіз де келсеңіз” деп хабарласты. Мен бірден бас тарттым. Сонда: “Неге, мүмкін ойланасыз” деді. Ойланатын түгі жоқ, оның өзінің белігілі бір себептері бар. Сонымен тақырып жабылды. Мен үшін қазіргі отбасым маңызды. Жанардың да бұрындары отбасы, екі баласы болған”,- дейді Нұржан Керменбаев.
Өнер иесі араға уақыт салып, не себепті жан сырын ақтарып отырғанын да түсіндіре кетті.
“Өткен шақ” деген альбомды бұрын жүрген қыздарға арнадым. Мен альбом жасардың алдында келіншегіммен сөйлестім. “Альбомның концепциясы осындай болады. “Өткен шақ” ескі махаббаттарыма арналады. Соның ішінде Жәкең де бар” деп айттым. Келіншегім: “Журналистерге бір нәрсе айтпас бұрын менің бір сұрағыма жауап берсеңіз, альбомды жасай беріңіз” деді. “Маған дейін қанша қызбен кездестіңіз?” деп сұрады. Басында бұл сұрақтан қашқақтағаныммен, болмады. “Он шақты” деп жауап бердім. Сол себепті қазір бұл туралы ашық айтып отырмын. Бірақ ол кезде менің келіншегім Назерке мұны дұрыс түсінбес еді. Мен келіншегімді кездестірмес бұрын, белгілі бір тәжірибеден өтуім керек болды. Сөйтіп барып ханшайымымды таптым”, – дейді өнер иесі ағынан жарылып.