Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатты сырқаттанып жүрді": Әріптестері Нұртілеу Иманғалиұлы жайлы естеліктерімен бөлісті

Күні кеше қазақ телевизиясының тарланы, көпшіліктің жүрегінен орын алған сүйікті тележурналисі Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден озды. 70 жасқа қараған шағында бақилық болған ол саналы ғұмырын тележурналистикаға арнады. Қарапайым тілшіден бастап, Ұлттық арнаның тізгінін ұстаған ағамыз осы салаға 45 жыл қызмет етті. Қаралы хабарды қалың елі қайыса қабылдады. Stan.kz тілшісі қазақ телевизиясының мэтрі көз көрген әріптестерінен естелік сұрады. 

Нұртілеу

Спорт журналистикасының майталманы Амангелді Сейітхан Нұртілеу Иманғалиұлы телевизия үшін жаралған адам еді дейді. 

"Ағам кетті дегенге көңілім сеніп тұрған жоқ. Әлі тірі сияқты ... Менің түсінігімде Нұрекең - нағыз телевизияның адамы. Ол кісінің жүрісі, өзін ұстауы бір төбе. Ол кісінің өмірі студияда өтті. Халықпен араласса да, көшеде келе жатса да, көлік жүргізсе де өзін студиядағы адам сияқты ұстайтын. Өзіне өте қатал қарайды, босаңсымайды. Телевизия үшін жаралған адам деп айтып жатамыз, бірақ мен дәл осылай жаралған адамды көрмедім. Өзіміз де телевизия саласындағы адамбыз, дегенмен экранда басқа, өмірде басқа болып жатамыз. Нұрекең маңғаз адамның рөлін сомдап жүргендей елестейді. Ол өз ісінің хас шебері. 

"Хабар" арнасында "Бетпе-бет" бағдарламасын жүргізген кезінде кеңседе жалғыз қалып қай жері дұрыс, кай жері бұрыс деп көп ойланатын. Қанша жерден тәжірибелі болса да эфирге дайындықсыз шықпайтын. Келетін кейіпкерді зерттейді. Сырты суық көрінгенмен іші жылы адам еді. Сөйлеу мәнері, өзін ұстауы бір-бір мектеп, бір-бір тарау", - дейді Амангелді Сейітхан.

Тележурналистиканың шыңына шыққан Нұртілеу ағаның денсаулығы бұрыннан сыр беріп жүргені туралы да айтып қалды. 

Нұртілеу

"Нұрекең баяғыда бір ауырды. Сонда: "Өлуге шақ қалған екем, Қатонқарағай жақта жігіттер шақырып бұғының сорпасына салып емдеді. Есімді білгеніммен әл жоқ. Жігіттер төсекке көтеріп жатқызғаны сол, тер боп ақтым. Ұйықтап орнымнан тұрсам, құлан таза айығыппын. Сөйтсем өне бойымды түгел суық алып қалған екен" дегені бар. Одан кейін алдынғы жылы тағы бір ауырды.

Бұл кісіге ең ауыр тигені - жарының ауруға шалдығып, қайтыс болуы. Жұбайы обырмен ауырғанда қатты күйзелді. Сол ауру туралы бәрін зерттеп, жеңу жолын іздеді, күресті", - дейді әріптесі Аменгелді Сейітхан. 

"Хабар" арнасында талай жыл еңбек еткен, танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаров Нұртілеу ағаны студент кезінен бері танитынын айтады. Марқұмның жұрт естіп біле бермейтін сыры мен қыры туралы өзгелерден жетік біледі. 



"Нұртілеумен қанша жыл бірге істедік, бірге жүрдік... Студентік жылдан бері жақсы таныспын, түрлі спорттық секцияларға да бірге қатыстық. Бір телевидениеде жұмыс істедім. Жас күнінен өте белсенді болды. Қолына гитарасын алып, ән салатын еді. Кеше ғана өткендей бәрі менің көз алдымда...

Көптеген хабарлар, авторлық бағдарламаларды тізгіндеу бұйырды. Оның мамандығын жақсы көретіні соншалық, әр бағдарламасынан көрініп тұратын. Теледидарға әртүрлі жаңалықтар алып келгісі келетін. Қазақ теледидарында Нұртілеудей із қалдырған адамдар санаулы. Нұртілеу телевизияға жан-тәнімен берілген адам. Ол бүкіл саналы ғұмырын бір ғана салаға арнаған адам. Нұртілеуді халық жақсы көреді. Неге десеңіз ол мамандығын жақсы көреді. Сондықтан жақсы хабарлар жасайды", - дейді Тілеуқабыл Мыңжасар. 

Нұртілеу

Әріптесі келер ұрпақ Нұртілеудей болуға ұмыталатына сенімді. Журналист қандай болу керек десе, Нұртілеуді көрсетер ем дейді. Өйткені...

"Келешекте Нұртілеу сияқты сөз саптайтын, Нұртілеу сияқты әдемі, сымбатты болып жүретін ұрпақ келетініне сенемін. Журналист деген қандай болу керек десе, Нұртілеуді көрсетуге болады. Дене бітімін қараңыз, жүрісін, киім киісін қараңыз, сөйлеуін, өзін ортада ұстауын қараңыз. Халық жадында журналист деп тамсанатындай болып қалды. Егер жақсы журналистер шығып жатса, "Ойпырмай, мынау Нұртілеуден айнымай қалыпты" дейтін болады. Көп жастар оған еліктейтін болады", - деп сөзін түйіндеді Мыңжасаров. 

Ал бақилық болған Нұртілеу ағаның шәкірті әрі әріптесі Данеш Байболатов үшін бұл орны толмайтын қаза. 

"Нұртілеу ағам туралы қазір бірдеңе айту мен үшін өте ауыр. Ол кісінің кеткеніне көңілім сенбейді. Ол кісі - менің ұстазым. Журналистика факультетінде оқып жүргенде сабақ беретін. Қазақ телевизиясының мэтрінен сабақ алу біз үшін бақыт еді. Кейін "Евразия" телеарнасындағы "Заң сөйлесін" жобасын сол кісі тізгіндеді. Сонда бірге жұмыс істедік. Ағадан үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп еді.

Нұртілеу ағаммен әр жұма сайын хабарласып, хәлін сұрау дәстүрге айналған. Соңғы уақытта қатты сырқаттанып жүрді. Ауруханаға жатып қалды дегенді естіп барып - қайтуды жоспарлап жүргенмін. Өткен жұмада ғана сөйлескен едік ... Осы апта барып хәлін сұрамақшы едім, үлгермедім ... Әзірше көңілім толқып, естелік айта алмаймын", - дейді өксігі тамағына тығылған журналист.

Еске сала кетейік, 17 ақпанда қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Тоқаев пен Назарбаев журналист Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына көңіл айтты.

 

Stan.kz ұжымы біртуар тұлға, кесек бітімді, семсер тілді Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына, ет жақындарына қайғырып көңіл айтады.  

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау