Нұрболхан Шарапов: Айсараның інісінің рөліне кастингсіз өттім
"Келінжан 3" телехикаясында Арыстанның рөлін сомдаған Нұрболхан Шарапов киноға қалай шақырылғанын айтып берді. Сөзіне қарағанда, ол ешқандай іріктеуге қатыспаған. Жобаның бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова оны сырттай бекіткен. Бұл туралы Stan.kz "Хабар" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Гүл әпше "Келінжанға" дайындал деп жазып жіберіпті. "Рөлге ма?" десем: "Иә" деді. Ешқандай пробасыз, кастингсіз өттім", – дейді Шарапов.
Нұрболханның болжауы бойынша, Гүлнұр Мамасарипова оның әзіл видеоларын көріп, образға сай келеді деп бағалаған.
"Айсараның туған інісінің рөлін берді. 1-2 маусымды көріп шықтым. Шамамен Айсара қандай образда, сөйлеу мәнері қандай, содан алыс кетпеуге тырыстым", – деген Нұрболхан сериалға түсу туралы ұсынысқа бірден келіскенін айтты.
Себебі бұл телевизиядағы алғашқы үлкен жобасы екен.
"Маска" шоуында Арыстан болып танылған Нұрболхан "Келінжанда" да осы есіммен қалған. Бұл да продюсер Мамасарипованың шешімі болыпты.
"Келінжанды" көріп жүрген қанша халық бар. Бәрі Айсараның қандай образда екенін, болмайтын жерден біреуді шақыстырып жіберетінін біледі. Енді өмірде бар нәрселер ғой. Айсараның образы кез келген адамның ауылдағы апасы не жеңгесі болуы мүмкін. Содан кейін халықтың жүрегіне жақын болып кетті ғой. Маған да сол образдың астарында жүру керек болды. Сценарийден тыс қандай сөздер айтуға болады деп күнде жатарда ойланып жүрдім. Дариғаның өзі де қатты сценариймен жүрмейді ғой. Барынша шынайы, қарапайым етіп береді. Жақсы шықты деп ойлаймын", – деп ағынан жарылды актер.
Шараповтың айтуынша, Дариға Бадықовамен бір алаңда ойнаған өте оңай. Себебі актриса қатып қалған заңдылықтарға сүйенбейді. Емін-еркін ойнайды.
"Кейбір актерлермен ойнасаң, ауыр болып тұрады. Ал бұл кісіде тоқтап қалу болмаса "сен айтсай" деген сияқты тұрып қалу деген жоқ. Кез келген нәрсені іліп алып кетеді. Менің өмірдегі образым да сондай. Кез келген жерден сөз тауып, балық ұқсап шығып кету керек", – дейді Нұрболхан.