Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда вакцинаға қарсы блогер мен шенеуніктің әйелі карантин талаптарын бұзғаны үшін ұсталды

Антиваксер блогері Әлия Исенова Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзғаны үшін ұсталды.

"1 тамызда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде Бауыржан Момышұлы даңғылында орналасқан "Какие люди" мейрамханасының карантиндік режимді бұзғаны анықталды. Бақылау тобы келгеннен кейін ақпарат расталды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілгендей, сенбі мен демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынғанына қарамастан, мекеме бұл уақытта жұмыс істеген. Мейрамханаға келген жастар көңіл көтеріп, караокеде ән айтты, санитарлық нормаларды бұзды, сонымен қатар әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізді", – деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция анықтағандай, мекеме иесіне қатысты жиналған материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға жіберілді.

Бұған дейін Исенова Instagram -да аталған мейрамханада достарымен ән айтқан видеосын жариялаған еді.

Белгілі блогер Ілияс Мыңжасаров Мадина Сейтбаталованың да олармен бірге болғанына назар аударды. Оның айтуынша, Мадина Сейтбаталова "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры (ҰӘҚ) АҚ құрамына кіретін "Корэм" АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Ілиястың әйелі. Айта кетейік, көктемде "Корэм" АҚ республикалық меншікке өтті.

Әлия Исенова вакцинаға және елдегі халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау шараларына ашық наразылық білдіріп жүрген блогер.

Талқылау