Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет 7 педофилге электронды білезіктер тағылды

Нұр-Сұлтан қаласының пробация қызметкерлері электронды білезіктер арқылы есепте тұрған қылмыскерлерді бақылауға мүмкіндік алды және жазаға тартылғандардың қайта заң бұзу әрекеттерін болдырмас үшін, осындай техникалық бақылау шарасын қолданысқа енгізбекші, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz сілтеме жасап.

браслет

Сурет желіден алынған

Нұр сұлтан қаласында жыныстық күш көрсетуге байланысты жазаға тартылған 7 қылмыскерге электронды білезіктер тағылды. Тестілік режимде жасалған жүйенің қызметі жазаланушының бағыт бағдарын бақылап отыру. Яғни, бұл заңнамаға сәйкес сот үкімімен оқу орындарына баруға, түнгі уақытта үйден шығуға, пробация қызметіне хабарламастан тұрғылықты тіркелген жерінен тысқа шығуға тыйым салынғандарға арналып жасалған бақылау жүйесі. 

Пробация инспекторы сотталғандардың бағыт бағдарын білезіктің көмегімен смартфон, планшет, компьютер арқылы жеке кабинеттен көре алады. Сондай-ақ, құрылғыдағы мәліметтер алдағы уақытта да сақталатын болады. Егер жазаланушы белгіленген шектеулерді бұзып, құрылғыдан бас тартса немесе оны шешуге, бұзуға әрекет жасаса инспекторларға дереу белгі түседі. Ережені бұзғандардың жазасы қайта қаралып, бас бостандығынан айыру үшін сотқа қайта жіберілетін болады.

Бұл бақылау құралы қылмыс жасап тіркелгендердің қайта заң бұзу әрекеттерінің алдын алу үшін ойластырылған. Оның ішінде бірінші кезекте жазаны үнемі бұзатындарға электронды білезіктер қолданылса, қалған жазаланушылар мобильді бағдарламамен қашықтықтан бақыланатын болады.

Бұл шара пробация қызметінің бақылау сапасын жақсартуға, қылмыстың қайталану қаупін азайтуға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Жабдықтар жалға беру негізінде өз шығынын өтеп отырады. Бұл тәжірибені келесі жылы есепте тұрғандардың барлығына қолдану жоспарлануда. Ол үшін 2,5 мыңға жуық электронды білезіктер мен 25 мыңнан астам мобильді қосымшалар қажет болады.

Талқылау