Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды

қылмыс
Фото: instagram.com/ayankhan_omarov_advocate

Нұрай Серікбайды қатыгездікпен өлтірген күдікті сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін тергеу изоляторына қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жәбірленуші тарап адвокатының айтуынша, Алматы облысында жүргізілген сараптамадан кейін 28 жастағы ер адам ресми түрде ақыл-есі дұрыс деп танылды. Осыдан кейін мамыр айының басында ол тергеу изоляторына қайта ауыстырылды.

Жәбірленушінің адвокаты Омаров Нұрайдың отбасы тек негізгі күдікті үшін емес, сонымен қатар оның туыстары үшін де әділ жаза талап етуге ниетті екенін атап өтті.

"Біз құқық қорғау органдарына күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілікке тарту туралы бірнеше рет өтініш білдірдік. Біздің өтініштеріміз қабылданды, бірақ бұл мәселе әлі де қаралып жатыр", – деді адвокат.

28 жастағы күдікті қазір Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып жатыр:

  • "Аса қатыгездікпен кісі өлтіру";
  • Некеге мәжбүрлеу" (Адам ұрлау);
  • "Сталкинг" (Аңду).

Бұл іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Тергеу барысын қоғам бақылап отыр.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 15:05