Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Норвегия, Ирландия мен Испания Палестинаны бөлек мемлекет ретінде мойындады

Ирландия премьер-министрі, Испания мен Норвегия Палестинаны бөлек мемлекет деп мойындайтындарын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Ең бірінші болып Норвегия Палестинаны мемлекет ретінде танитынын мәлімдеді. Артынша Ирландия мен Испания да осы қадамға барды. Мәлімдеулерінше, бұл Израиль-Палестина қақтығысын реттеуге көмектеседі.

Испания премьер-министрі Педро Санчес оның елі 28 мамырда Палестинаны мемлекет ретінде танитынын айтты. Испания социалистерінің жетекшісі мәлімдемені парламентте жасады.

Санчес бірнеше ай Еуропа мен Таяу Шығыс елдерін аралап, Палестинаның мемлекет ретінде танылуына, сондай-ақ Газадағы атысты тоқтатуға қолдау көрсетті. Ол бұл қадамға бел байлағанын бірнеше рет айтқан.

Мамырдың басында Испания сыртқы істер министрі Хосе Альбарес АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкенге Палестинаны тану ниетін хабардар етті.

22 мамырда Норвегияның премьер-министрі Джонас Гар Сторе Палестинаны мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді.

"Норвегия үкіметі Палестинаны мемлекет ретінде таниды деп шешті. Он мыңдаған адам қаза тапқан соғыс кезінде біз израильдіктерге де, палестиналықтарға да саяси шешім ретінде осыны ұсынамыз, екі ел бейбітшілік пен қауіпсіздікте бөлек өмір сүруі керек", – деді Сторе.

Скандинавия елі 28 мамырдан бастап Палестина мемлекетін мойындайтынын айтты. Кейінгі апталарда Еуропалық Одақтың бірнеше елі бейбітшілік үшін Палестинаны мойындауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Сәуір айының соңында ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл мамырдың соңына дейін Палестинаны ЕО-ның бірнеше елдері мойындайтынын айтты.

Еуропалық мемлекеттердің ішінде Палестинаның тәуелсіздігін Болгария, Венгрия, Кипр, Мальта, Польша, Румыния, Словакия, Чехия және Швеция мойындады. Жалпы алғанда, Палестинаны БҰҰ-ның 193 елінің 143-і, соның ішінде Ресей де тәуелсіз мемлекет ретінде таныған.

Палестина президенті Махмуд Аббас Испания, Ирландия және Норвегияның Палестина мемлекетін мойындауын құптап, басқа елдерді де осы бастаманы жалғастыруға шақырды.

Израильдің сыртқы істер министрі Израиль Кац Ирландия мен Норвегиядағы елшілеріне тез арада қайтуға бұйрық берді.

"Ирландия мен Норвегия бүгінде палестиналықтарға және әлемге терроризм дегеніне жетеді деген үндеу тастап жатыр", – деді Катц.

Ол көп елдер Палестинаны мемлекет деп мойындаса, Газада тұтқынға алынған израильдіктерді қайтаруға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ Израиль Испаниядағы елшісін қайтаратынын айтып қорқытты.

Талқылау