Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала күнімнен қазақ жігітіне күйеуге тиетінімді білдім": Орыс қызы бешбармақ дайындап, сәлем салғаны туралы айтып берді

Ұлттық нақыштағы балалар киімдерін шығарумен айналысатын "Тұмар" брендінің негізін қалаушы Нина Нұрамбекова кәсібін декреттік демалыста отырып бастап кеткен. Бірінші айда-ақ 1 миллион теңге табыс тапқан кәсіпкер - қазақ халқына келін, аяулы жар әрі үш баланың анасы. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Нина бала кезінен қазақ отбасының келіні атануды армандағанын айтып, келін шай, ата-енемен қарым-қатынас, қазақ отбасына келін болудың қызығы мен шыжығымен бөлісті.

Жастардың үйлену тойы толығымен қазақи өтпесе де, маңызды салт-дәстүрлер барынша сақталған екен. "Апамыз дәстүрлердің дұрыс орындалуын өзі қадағалады, беташар рәсімі кезінде ағайын-туысқа иіліп сәлем салдым", —  дейді кейіпкеріміз. Ол тойдан кейін келін ретінде қызметіне кірісіп, қайың жұртына бірінші рет шай құйған кезін есіне алғанда, екі езуіне күлкі еріксіз үйірілді. 

"Үлкен жауапкершілікті сезіндім. Аз да болсын қобалжығаным рас. Барлығы дұрыс па? Кеселерінде шайы бар ма, таусылып қалмады ма? — деп бақылап отырдым. Ертеден келе жатқан дәстүрді абыроймен атқарып шықтым. Мен үшін ата-енеме, қайын жұртыма шай құю, көңілін тауып, отбасымның берекесі үшін қызмет ету ешқашан қиын дүние болып көрінген емес. Енем менің жағдайымды түсініп, кейбір нәрсенің қолымнан келе бермейтінін көрді. Апамызбен бірге көмектесіп, білмегенімді үйрету арқылы маған тіреу болды", — дейді келіншек. 

Нина үшін отбасы - ең басты құндылық, сондықтан туысқандар арасындағы татулық пен бірліктің берік болуы үшін тынымсыз еңбектенуге дайын.

"Анам да, әкем де бір үйдің жалғызы.Туысқандарымыз бізден алыс тұрғандықтан олармен сирек көрісетінбіз. Қазақтардың бауырмалдығы, ақжарқындығы кішкентайымнан қызықтыратын. Туыстарым көп болса, барлығының басын қосып бір дастарқанның басында әңгіме-дүкен құрып отырсақ деп армандайтынмын. Арман сағымға айналмай, қазақ отбасына  келін болып түстім. Енем мен апамыз дастарханға деген құрметті баулып, ұлттық тағамдарды пісіруді үйретті. Алғашында, етті түр-түрге бөліп, қамыр жайып, оны өте дәмді пісіретін апама қатты қызығатынмын. Мүмкіндік туа қалса, бәрін үйге шақырып, ет асамын. Апамыз барлық жақындарын бір дастарқан басында қосқанды жақсы көретін. Мен апама тартқанмын деуге болады", — деп кейіпкеріміз ағынан жарылды. 

Нұрамбекованың сөзінше, ұлтаралық жанұядағы құдалардың қарым-қатынасы ешкімдікінен кем емес. "Құдалар арасындағы сыйластықтың мықты болуының құпиясы - олардың бір-бірімен ұзақ жылдар бойы көрші тұруында. Менің әкем мен енем де кішкентай күндерінен бірге өскен. Әрине, ата-анама қазақтың кейбір дәстүрлерін қабылдау қиынға түскен шығар. Мысалы, олар әр мейрам сайын туысқандармен кездесуге үйренбеген, құдалардың барлығын есте сақтау қиын. Бірақ екеуі де: "Бастысы саған ұнаса, бізге де ұнайды" деумен, бізді қолдап келеді", — дейді ол. 

Нұрамбековтердің әулетінде жаңа туған балаға ат қою мәселесінде ата-анасына еркіндік берілген. Кейіпкеріміздің үш баласының да атын жары қойған екен. 

"Бірінші баланың атын ата-әжесі қояды дегенді естіп, қандай есім береді екенмен жүргенім рас. Алайда ата-анамыз өзімізге таңдау берді", — дейді Ален, Алиша, Сафинаның анасы. 

Нина кішкентай күнінен қазақ жігітіне тұрмысқа шығатынын білгенін айтады.

"Бала күнімнен қазақ жігітіне күйеуге тиетінімді білдім. Ата-анамды да болашақ күйеу баласы өзге ұлт азаматы болатынына дайындадым, сондықтан олар қазақ жігітіне таңдауым түскенде қатты таңғалған жоқ (күліп). Екеуміз есімізді білгелі бір үйдің ауласында ойнап өстік. Ол да бірдеңені сезсе керек, бір күні сенбілікте сыртымнан мені анасына көрсетіп, "Мына қыз, менің әйелім болады" деп айтқан екен", - Нина болашақ жарымен өткізген балалық шақты еске алады.

Кейін Шымкентке көшіп кеткен болашақ жұбайын кейіпкеріміз есейіп, ақыл тоқтатқан шақта дүкеннен кездейсоқ кездестіріп, әңгімелері жарасып кеткен. 

Нина өз ұлтының салтынан гөрі, қазақ халқының дәстүрлерін жақсы білетінін айтады.

"Қазақ мәдениеті жайлы кітаптарды оқыдым, балаларым да ұлттық мәдениеттен сусындап келеді. Рождествоны тойлайтындары болмаса, барлық маңызды шараларды, мейрамдарды қазақтың дәстүріне сай өткіземіз. Ұлымды сүндетке отырғызатын кезде қатты қобалжыдым. Сол кезде әпкемнің жанұясы қолдау көрсетіп, өз ұлдарын да сүндетке отырғызды. Оларға бұл дәстүрді жасатуға итермеліп, пайдасын айтып, өз үлесімізді қостық", — деді Нұрамбекова. 

Кәсіпкер әйелдің болашақта өзге ұлттың азаматымен шаңырақ көтеруді жоспарлап жүрген жастарға өз айтары бар.

"Некеде әр жағдайда түсіністік таныту керек. Ол сіз емес, сіз ол емессіз. Осыны түсіну қажет. Сүйіктіңізге ұнаған дүние сізге ұнауға міндетті емес, сол сияқты сізге ұнайтын дүние оған ұнауға міндетті емес. Алайда, оны өмірлік жарыңыз етіп таңдағаннан кейін, өзгертуге тырыспай, бар болмысымен қабылдаңыз", — деп қазақ келіні ойымен бөлісті. 

Балалар киімімен айналысатын кәсіпкер өз өнімдеріне де қазақтың ою-өрнегін, құрағын қосып, ұлттық өнеріміздің ұмыт қалмай, дамып-өрлеуіне үлесін қосып жүр. Кәсіпкер алдағы уақытта жаңа топтамасымен Лондонға аттанып, әлемді қазақ мәдениетімен таңғалдырмақ.

"Тұмар" брендінің киімдері

Талқылау