Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықаралық жарыстарда 4 және 5-орын алған қазақстандық спортшыларға қандай қолдау көрсетіледі

спортшылар
Фото: Stan.kz

Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындары сынды ірі халықаралық жарыстарда жүлдеге бір қадам жетпей қалған қазақстандық спортшыларымыз бар. Тіпті оларды көп жағдайда марапаттамаса да, мемлекет еңбегін елеп, қолдау көрсетеді. Stan.kz тілшісі жарыстарда үздік бестікке енген қазақстандық спортшылар мен оларға қандай қолдау көрсетілгенін тізіп шықты. 

Милад Карими

Милад Карими
Фото: olympic.kz

Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында көркем гимнастикадан Милад Карими 5-орын алды. Олимпиадада гимнастың қорытынды комбинациясы 6,300 ұпай деп бағаланды. Ал орындауы үшін 8,200 ұпай алды. Осылайша Карими 14,500 ұпай жиинап, бесінші орынға ие болды.

Милад Карими – еркін жаттығудан Олимпиадада үздік бестікке енген алғашқы қазақстандық гимнаст. Оған осы жүлдесі үшін 5000 доллар немесе 2,4 миллион теңгедей берілді. 

Еске салайық, 2026 жылы Хорватияда өткен әлем кубогында Милад Карими күміс медаль жеңіп алған еді. 

Әбиба Әбужақынова

Фото: sport.kz

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында 48 салмақта бақ сынасты. Осылайша 4-орынға ие болды.

¼ раундта спортшы испаниялық Лаура Абелиндадан жеңілді. Негізгі уақытта екі спортшы да ұпай жинай алмады. Golden Score (қосымша уақытта) кезінде испаниялық спортшы иппон ұпайын алып, жеңіске жетті.

Ал үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте Абужақынова шведтік Тара Бабулфаттан жеңіліп қалды.

Оған осы кездегі жүлдесі үшін мемлекет тарапынан 10 мың доллар немесе 4,8 миллион теңге берілді.

Абзал Әжіғалиев

Абзал Әжғалиев
Фото: ҰОК

2022 жылы Пекин қысқы Олимпиадасында Абзал Әжіғалиев Қазақстан Олимпиада құрамасының туын көтеріп шыққан еді. Ол 500 метрлік шорт-трек спринтінде төртінші орын алды.

Әжіғалиев сол Олимпиадада негізгі финалға жолдама алған жалғыз қазақстандық спортшы болды.

Финалда мәреге 40,869 секундта жеткен. Ал сол кезде алтын алған венгрлік Лю Шаоанг 40,338 секунд көрсеткіш көрсетті. 

Сол жылы Әжіғалиев 4-орын үшін 40 мың доллар немесе 17,1 миллион теңге алды. 

Әмір Маймұратов 

Әмір Маймұратов
Фото: olympic.kz

Қазақстандық альпинист Әмір Маймұратов 2024 жылғы Олимпиада ойындарында үздік бестікке еніп, турнир кестесінде 5-ші болды. 

Ол ширек финалда ирандық Реза Алипурмен жарысқан. Алайда ирандық альпинист тезірек жетіп, жартылай финалға шықты. Оған осы жүлдесі үшін 10 мың доллар, яғни 4,8 миллион теңге берілді.

Сондай-ақ Маймұратов Олимпиадада рекорд қоюымен есте қалды. "Спорттық жылдамдықпен өрмелеу" кезеңінде Маймұратов 4,89 секундта жетіп, Олимпиада рекордын жаңартты.

Эдуард Ким

Эдуард Ким
Фото: prosports.kz

2025 жылы Эдуард Ким көркем жүзуден Канаданың Маркхам қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде төртінші орын алды.

Ерлер арасындағы жеке техникалық бағдарламада ол 209.3900 ұпай жинады. Ал орын алғандар сол кезде 218.1667, 214.8667, 210,6292 балл жинаған еді.

Оған сол кезде мемлекеттік сыйақы берілген жоқ. Дегенмен жаттығу жиындары, жабдықтары төленіп, ұлттық құрама сапында қалды. 

Елдос Сметов

Дзюдо
Фото: sport.kz

2024 жылы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов 60 келі салмақта 5-орын алды.

Қола медаль үшін болған кездесуде ол жапониялық Тайки Накамурадан жеңіліп қалды.

Бұл жағдайда Сметовке мемлекеттік сыйақы қарастырылмады. Дегенмен жаттығу жиындары мен жабдықтары мемлекет есебінен төленді.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 11:35