85 жастағы көкшетаулық қария алаяқтарға алданып, депозиттегі ақшасы мен пәтерінен айырылды

Көкшетауда 85 жастағы қария алаяқтарға алданып, депозиттегі ақшасы мен пәтерінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келтірілген шығын 13 миллион теңгеден асқан. Алаяқтық нәтижесінде зейнеткер депозитте сақталған қаржысы мен пәтерінен айырылған.
Анықталғандай, алаяқтық схема 2025 жылдың желтоқсанында басталған. Белгісіз біреу зейнеткерге қалалық электр желісінің қызметкерімін деп таныстырып қоңырау шалған. Алаяқ санау құрылғысын ауыстыруды сылтау етіп, жәбірленушінің жеке мәліметтерін қолға түсірген.
Биылғы жылдың наурыз айында әйелге тағы да қоңырау түскен, бұл жолы алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған. Алаяқтар қарияға оның атынан шетелге ақша аударымдары жасалғалы жатқанын айтып, құжаттарды жедел қайта рәсімдеуге көндірген.
Қазақстанда алаяқ танымал онлайн ойын арқылы балалардан ақша ұрлаған
Алаяқтарға сенген зейнеткер депозитіндегі 3,4 миллион теңгеден астам ақшасын курьерге (дропперге) беріп жіберген. Кейін алаяқтардың нұсқауын орындап, өзіне тиесілі пәтерді 9,7 миллион теңгеге сатып, бұл ақшаны да алаяқтарға берген.
Сатып алу-сату мәмілесі үшінші тұлғалардың, адвокат пен риелторлардың қатысуымен жасалған, олар өздері сатып алушы мен құжаттарды рәсімдейтін нотариусты тапқан.
Оқиғадан бірнеше апта өткеннен кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Киберқылмыстарға қарсы бөлімнің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында зейнеткерден ақшаны алған курьердің кім екенін анықтады. Ол Көкшетаудың 75 жастағы тұрғыны болып шықты, ол да қылмыстық схемаға қатысып, зардап шегушіден ақшаны алып, оны алаяқтарға аударған.
Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарды алдап келген телефон алаяқтары Украинада қолға түскені туралы жазған едік. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Украинаның Днепр қаласында қазақстандықтар мен шетел азаматтарына қарсы әрекет еткен алаяқтық call-орталықтар желісін жоюға бағытталған арнайы операцияға қатысты.