Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халқының жалақысы 3 миллион теңге, күйзеліс дегенді білмейді": 3 айлық сәбиімен Англияға оқуға кеткен қазақстандық адам миын зерттеп жүр

Фото: Ұлпан Нұрманованың жеке архиві

Қазақстандық ару Ұлпан Нұрманова Англияда медицина саласында оқып, адам миын зерттеп жүр. 30 жастағы дәрігер үш айлық сәбиімен шетелге шыққан алғашқы айда бес рет көшіп, үй іздеп, жолдасына жұмыс таппай қиналғанын жасырмады. Алайда, уақыт өте келе Англияда дәрігерлерге жағдайдың қаншалықты қолайлы екенін, фермерлердің таза өнім жеткізетін жүйесін, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған ерекше жағдайларды көріп тәнті болған. Халқы айына 3 миллион теңгеге жуық табыс табатын елде өмір қалай екенін Ұлпан Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Ұлпан Нұрманова Ақтау қаласының тумасы. Астана Медициналық Университетінде дәрігер мамандығын бітірген. 

“Жолдасым екеуіміз де осы оқу орнында білім алғанбыз. Өмірімнің көп бөлігі оқумен өтіп жатыр. Медициналық университетте 7 жыл оқып, 2 қызыл дипломмен бітірдім. 1 жыл Ақтауда (ковид пандемиясы кезінде) дәрігер болып қызмет еттім. Содан кейін тағы 2 жыл Назарбаев Университетінде “биомедициналық инженерия” мамандығы бойынша магистратура оқыдым. Бұл медицинаның жаңа дамып келе жатырған бағыты. Сондықтан білімімді одан әрі шыңдау үшін Англияға докторантураға түстім. Солай 2024 жылы отбасыммен Англияға көшіп келдік”, – деді Ұлпан.

“3 айлық сәбиімізбен тұратын үй таппай қиналдық”

Ұлпан Англияда докторантурада оқып жатқанына 2 жыл болған. 

“Адам миына зерттеу жүргіземіз. Университеттің Биомедицина лабораториясында жұмыс жасаймын. Ал жолдасым мамандығы анестезиолог-реаниматолог. Дәрігер болып жұмыс істеу үшін арнайы емтихан тапсыруға дайындалып жүр. Бұл емтихан өте қиын, медицинадан бөлек, ағылшын тілін жетік білуді талап етеді”, – деді ол. 

Фото: Ұлпан Нұрманованың жеке архиві

Ұлпан Англияға алғаш келгенде қиналғанын жасырмады. 

“Өмірді жаңадан бастағандай болдық. Ешкімді танымаймыз, ешкім алдымыздан қарсы алған жоқ. Қолымда 3 айлық сәбиім, 1 чемодан заттарымыз және бесікпен келдік. 1 ай тұрақты үй таба алмай қиналдық. Сол алғашқы айда 5 рет көшкен екенбіз. Ұзақ уақытқа үй жалдау үшін ақшасын төлей алатындай жағдайың бар екенін көрсететін құжаттар жинау керексің. Отбасыда бала болса оған жеке бір бөлме болуы керек екен. Бізге 2 бөлмелі үй ғана ала алатынымызды айтты. Сәйкесінше, оның бағасы қымбат. Түбінде осы заңға бағынуымызға тура келді. Қазір 2 бөлмелі үй жалдаймыз. Айына коммуналдық төлеммен бірге £1800 (шамамен 1.2 миллион теңге) шығады. Қазақстаннан енді келген кезімізде бәрі қымбат сияқты көрінді. Жинап әкелген ақшамыз 2 айда таусылып қалды. Жолдасыма жұмыс іздедік. Ол ағылшын тілін білмегендіктен жақсы жұмыс табу қиын болды. Оқуым, 3 айлық қызым, үй іздеу, жолдасыма жұмыс іздеу. Сол алғашқы 2 ай өте қиын болды”, – деді ару. 

“Халқы 3 миллион теңгеге жуық айлық алады, күйзеліс дегенді білмейді”

Ұлпан осы тұста Англиядағы жалақы туралы да тілге тиек етті. Айтуынша, қазір жағдайы тұрақтанған. Бұл елде дәрігерлер мен инженерлерге жоғары жалақы төленеді екен. 

“Қара жұмыс жасағанда минималды айлық төленеді. Жұбайым сағатына – £12, айына – 1.5 миллион тенгедей табыс табады. Ал мамандық бойынша жұмыс жасасаң көбіне сағатына £17-20 төлейді айына 2 миллион теңгеден көп шығады. Дәрігерлер, инженерлер әрине одан жоғары айлық алады. Бірақ табыс жоғары болған сайын төленетін салық та жоғары болады. Өзінің жергілікті халқы, ағылшындар да көбіне орташа £3000-£4000 (2-2.7 миллион тенге) айлық алады. Мен студенттік визамен келгендіктен айына 20 сағаттан артық жұмыс істей алмаймын. Маған 8 сағаттық жұмысқа күніне 88 мың теңге төлейді. Қазір негізгі табыс көзіміз Англияның дәрумендерін Қазақстанға жеткізіп отырамыз. Өзім дәрігер болған соң, қандай дәрумендер жақсы екенін қалай және кімге қолдану керек екенін білгендіктен, тапсырыс көп түседі. Халықтың алғысына бөленіп жатырмын”, – деп қосты ол. 

Ұлпан Англияда адамдардың бір-біріне сыйластығы мен өмірге көзқарасына таңғалғанын алға тартты. 

“Бұл ел өмір сүруге өте ыңғайлы жер. Өзімізге ең ұнайтыны адамдардың қарым-қатынасы. Осында келгелі стресс, асығу дегеннің не екенін ұмыттық. Халқы өте көп кітап оқиды. Телефонға телміріп отырған адамды сирек көресің. Кітапты балабақшадан бастап оқиды. 4-5 жастағы балаға аптасына 6-7 кітап оқуға тапсыру қалыпты жағдай. Көп адам жүгіреді, велосипедпен жүреді. Маған ең ұнағаны, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Оларға көп көңіл бөледі, қоғамның толыққанды мүшесі. Басында мына елде сондай адамдар көп екен деп ойлайтынмын. Ал негізінде олар тек ауруын жасырмайды екен. Өте белсенді өмір сүреді”, – деді ол. 

Қазақстандықты одан бөлек, бұл елде мемлекеттің қоршаған ортаға қамқорлығы тәнті еткен. Айтуынша мұнда көліктер тек тоқпен жүреді, қоқыс сұрыпталады. 

“Тағы бір ұнағаны мұнда жергілікті фермерлерді жақсы қолдайды. Мәселен, арнайы бағдарлама арқылы белгілі бір сомаға апталық немесе айлық тіркеу жасайсың. Ал олар саған 1 қораптан таза көкөніс, жеміс-жидектер жеткізіп отырады. Жеткізу қызметі ауаға көліктен зиянды газ аз бөлінуі үшін түнде жұмыс істейді. Ал таңертең есігіңнің алдында 1 қорап таза өнім тұрады. Қорапта нақты не болатынын білмейсің. Бірақ тек таза, балғын өнімдер ғана болады. Фермерлердің көкөністері бүлініп кетпес үшін келетін қорапта не болатынын таңдай алмайсың. Осыған ұқсас басқа да бағдарламалар бар. Мұнда көбіне тағамның зая болмауына мән береді.

Адамдар бұған саналы түрде жауапкершілікпен қарайды. Автокөліктердің көлемі шағын және тоқпен жүреді. Ал қоқысты сұрыптаймыз. Кез келген тұрғын үй аумағында үлкен жап-жасыл ағашқа толы парктер болады. Жасөспірімдерге арналған спорт алаңдары да бар”, – деп баяндады ол.

“Мұнда дәрігерлерге жақсы жағдай жасалған: Қазақстандағы дәрігерлерге жаным ашыды”

Ұлпан Англияның медицинасы жақсы, дәрігерлерге жасалған жағдайдың да өте жоғары деңгейде екенін алға тартты.

“Мұнда өмір өте еркін. Жұмыс орнында да, жұмыс беруші тарапынан да ұрысу, басыну деген сияқты жат қылықтар көрмедім. Дәрежесі қанша жоғары болса да бастықтарымыз, профессорларымыз өте қарапайым, әрдайым рахметін айтып, қонаққа шақырып, сыйлықтар әкеліп жүреді. Жұмыс орнында жұмысшылардың жағдайына жақсы көңіл бөлінеді. Дәрігерлерге өте жақсы жағдай жасалған. Оларға үлкен сый құрмет көрсетеді. Бірақ медициналық жүйесі керемет деп айта алмаймын. Жедел көмек керек болып шұғыл қабылдау бөліміне барсаң сынған аяқпен де 6-12 сағат күтіп отырасың. Пациенттер шу шығармайды, кезегін сабырмен күтеді. Медициналық қызметкерлерге тіл тигізуге дауыс көтеруге болмайды. Ал дәрігерге жазылу үшін тағы 2-3 ай күтесің”, – деп қосты ару. 

3 айлық сәбиімен Англияға оқуға кеткен қазақстандық адам миын зерттеп жүрФото: Ұлпан Нұрманованың жеке архиві

Алайда Қазақстанмен салыстырғанда бұл жақта жылдам, тез арада медициналық көмек алу мүмкін емес екен.  

“Бәрі өте баяу. Емханаларда кезек деген мүлде жоқ. Тіпті балаңның қызуы көтеріліп тұрса да алдын ала жазылмасаң, қабылдамайды. Ал жедел жәрдем бөлімінде өміріңе қауіп жоқ болса, 10–12 сағатқа дейін күтуің мүмкін. Шығып кеткен буын, жарақат, қызу, ауырсыну – бәрі жай ғана отырып, кезегін күтеді. Осының бәрін көргенде Қазақстандағы дәрігерлерге жаным ашыды. Олар күніне 12 сағат жұмыс істейді. Аз жалақы алады, жүктемесі өте ауыр. Әрі көп жағдайда ешқандай құрмет көрмейді. Біз оларды бағаламаймыз”,- деді кейіпкеріміз.

Ұлпан әзірге елге қайту жоспары жоқ екенін айтып, қазір жас кезде қажетті білім жинап, болашақта Қазақстанға пайдалы, жоғары білікті маман болып оралуды армандайтынын жеткізді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 17:30