Енді Қазақстанда қызметкерді жұмыстан шығару қиындайды: Сенат заң қабылдады

Сенат еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заңды қабылдады. Енді азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды қатынастарының орнына қолдануға болмайды. Сонымен қатар қызметкерлерді жұмыстан шығару талаптары да күшейтіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай Telegram-арнасында хабарлады. Оның айтуынша, жаңа заң қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге және еңбек жағдайларын жетілдіруге бағытталған.
Құжатқа сәйкес, егер азаматтық-құқықтық шарттар іс жүзінде еңбек қатынастарын реттесе, оларды қолдануға тыйым салынады. Мұндай қатынастардың белгілеріне мыналар жатады:
- белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс істеу;
- жұмысты жеке орындау және компанияның ішкі тәртібіне бағыну;
- еңбекақыны нақты нәтиже үшін емес, еңбек процесі үшін алу.
Сонымен қатар заңда 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Бұл шектеу штат қысқарту немесе өндіріс көлемінің азаюы жағдайында да қолданылады.
Бұдан бөлек, заңда келесі нормалар қарастырылған:
- келісім комиссияларының жұмысына тәуелсіз делдал тарту мүмкіндігі енгізіледі;
- ереуіл кезінде тараптар қауіпті өндірістік нысандарда ең төменгі қажет жұмыс көлемін қамтамасыз етуге міндетті;
- жазатайым оқиғаларды тергеу комиссиясының құрамы кеңейтіліп, оған адвокат, жұбайы (зайыбы) немесе заңгер кеңесші қатыса алады;
- жазатайым оқиға кезінде қызметкердің кінә деңгейі 25%- дан аспауы тиіс.
“Бұл заңды қабылдау қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге және еңбек дауларының санын азайтуға мүмкіндік береді”, – деді Максим Споткай.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған