Қазақстандық қыз кеудесінен тепкен туған інісінің үстінен полицияға арыз жазған: Ата-анасы одан бас тартты

Фото: Тhreads.com/@idontnow___1
Қазақстандық қыз өзін соққыға жыққан 19 жастағы інісінің үстінен арыз жазып, сотқа бергенін айтты. Оның туған бауырының үстінен шағым түсіруіне отбасылық кикілжің себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 жастағы желі қолданушысы өз парақшасында жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндады.
“Туған інімнің үстінен арыз жаздым. Мен ата-анаммен бірге тұрамын. Үйде 3 ұл, бір қызбыз. Үйге үлкен ағам мен жеңгем жиендеріммен келді. Бірде жиенім өзін Дамир ұрғанын айтып, жылап келді. Дамир 19 жастағы менің інім. Баланы жұбату үшін “Дамир, неге ренжітесің? Жылап тұр ғой” дедім де, жастықпен жаймен түртіп қалдым. Сонда ол орнынан тұрып бар күшімен менің кеудемнен теуіп жіберді. Мен оны итеріп, дауыс көтеріп едім, ол тағы да мені тепті. Мен жөтеліп, тыныс алуым қиындай бастады. Әкеме болған жағдайды айтып едім “Дамир, ол сенің әпкең ғой, сен еркексің ғой. Олай жасауға болмайды” деген сөздермен ғана шектелді. Әкем інімді жазалайтын шығар деп ойлаған едім. Бірақ керісінше, жеңгемнің көзінше жанжал шығарғаным үшін өзіме ұрысты. Дірілдеп, қалшылдап кеттім. Қатты ренжідім. Сөйтіп 102-ге хабарластым. Учаскелік полиция келгенде болған жағдайды айтып бердім”, – деп жазды желі қоданушысы.
Айтуынша, полиция қызметкерін көргенде оның ата-анасы таңғалған. Кейін олар “отбасыңды масқара қылмақсың ба?” деп қыздың өзіне жегіп, айғайлаған. Учаскелік полиция шақырту түскен соң келгенін және шағымданушының не қылмыстық іс бойынша, не әкімшілік іс бойынша арыз жазу керегін түсіндірген.
“Бас тартуға болмайды екен. Әкем “үйден кет” деп айғайлаған соң, арызымнан бас тартатынымды айттым. Полиция Дамирмен түсіндірме жұмысын жүргізді. Анам істі жауып тастауын сұрады. Өйткені Дамир басқа қалада оқитындықтан оған қайту керек еді. Бірақ полиция хабарласып менің арызым сотқа жеткенін мәлімдеді. Ертеңгі күні, яғни бүгін сағат 10-да сот болатынын айтты. Мен ол екінші рет маған қолының ұшын тигізбейтіндей сабақ бергім келді. Сондай-ақ ата-анамның мені қолдамайтынын түсіндім. Сот өтті. Судья “Сендер туған әпкелі-інілі емессіңдер ме? Солай ма? Қалайша бұлай болды? Татуластыңдар ма?” деп сұрады. Мен “жоқ” деп жауап бердім. “Ол сізден кешірім сұрамады ма?” деп сұрады. Мен інімнің менен кешірім сұрамағанын, бірақ қазір кешірім сұраса, кешіретінімді айттым. Бірақ ол судьяның бірнеше рет қойған сұрағына жауап қатпады. Қысқасы, сот оны кінәлі деп тапты. Әкімшілік жаза ретінде, оның бұған дейін жауапқа тартылмағанын ескеріп тек ескерту берді”, – делінген жазбада.
Қыздың айтуынша, егер інісі алдағы уақытта тағы осы әрекетін қайталаса, ол 10 тәулікке қамалмақ.
Болған жағдайға қатысты Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне сұрау салдық. Алайда ведомство арызға қатысты сот шешім шығарғандықтан пікір білдіруден бас тартты. Stan.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметінен пікір сұрады. Сот алдағы уақытта мәлімет беретінін айтты.
Бұл жазбаның астында желі қодданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі үйдегі зорлық-зомбылыққа көз жұмып отырған қыздың ата-анасын сынаса, енді бірі туған бауырының үстінен полицияға шағым түсірген қыздың әрекетін түсінбей дал. Сондай-ақ олардың дені ер адамдар.
“Көшуге дайындалыңыз. Әке-шешеңіз үйдегі зорлық-зомбылыққа көз жұма қараса, ата-анасыз тұрған дұрыс”, “Туған әпкесін қалай кеудесінен ұрады? Қорықпай арыз жазғаныңыз дұрыс болыпты”, “Есесіне ата-анаңыздың сізге тірек болмайтынын түсіндіңіз”, “Сіздің ініңіз қоғам үшін қауіпті адам”, “Тебуді біледі, бірақ өз әрекеті үшін жауап бере алмайды. Осылайша қоғамда үйдегі тиранды өсіріп отыр”, “Ренжіп тұрсаң да, кері шегінбе. Сенікі дұрыс”, “Мұндай туыстарың барда жау да керек емес”, “Саған емделу керек, өз бауырына арыз жазу үшін қандай адам болу керек”, “Неге ініңізді ашуландырдыңыз, отырып сөйлесуге өреңіз жетпеді ме”, “Кеудеңізден тепсе өліп кетпейсіз ғой”, “Ересексің ғой, боқмұрыннан таяқ жеп не болды”, “Әйелдер құтырды, туғанына арыз жазып жүр. Көбеймеңдер”, “Ақылшылардың кеңесін тыңдап ал, кейін ата-анаңның қолдауынсыз қаласың, жұпыны, жалдамалы пәтерде тұрғанда бұл ақылшылар саған көмекке келмейді”, – деп жазды желі қолданушылары.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі