Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Сақтап қоя тұршы деп өтінген, бірақ ұрлады деп жала жапты": Алматылық полицей досының қаруын сақтаймын деп сотқа тартылды

Алматылық 30 жастағы Анар Шәріпова полицей күйеуінің жазықсыз сотталып жатқанын жеткізіп, көмек сұрады. Айтуынша, жұбайы Нұрболатқа бір кездері отбасылық досы әрі қызметтегі әріптесі болған азамат қару-жарақтарды ұсынып, өзінікі екеніне, құжаттары бар екеніне сендіріп, үйде сақтап қоюға берген. Алайда Нұрболатқа қару-жарақты ұрлады деген айып тағылыпты. Қаруды ұрлағандарды емес, білместіктен сақтаған адамды 7 жылға соттап жатыр деген Анар Stan.kz тілшісіне жағдайды баяндап берді. 

Фото: Анар Шәріпованың жеке архивінен

Нұрболат пен Анардың отандасқандарына 3 жылдай болған. Анардың айтуынша, жұбайы досына көмектескісі келген ниетінен кейін осындай қиындықтарға тап болып отыр. 

“Күйеуім полиция департаментінде 10 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істейді. Онда өзінен сәл жоғары қызметтегі азамат Қанатпен (редакциялық аты өзгертілген) дос еді. Тіпті жақсы араласатын отбасылық достармыз деп айта аламын. 

Сөйтіп бір күні Қанат менің жолдасыма “бұл менікі, құжаттары бар, әзірге сақтап қоя тұршы” деп 8 қару-жарақты берген. Күйеуім отбасылық достарымыз болғасын, еш күмәнсіз алып сақтап қойды. Әрі бірге жұмыс істейді, досына сенімді болды”, – деді Анар. 

Келіншектің айтуынша, арада бірнеше уақыт өткен соң жұбайы Нұрболаттың жұмысында жайсыз хабарлар тарайды. 

“Жаңағы күйеуіме қару-жарақты сақтауға берген Қанаттың жасаған заң бұзушылығының беті ашылған екен. Сосын оған іздеу жарияланды. Қанат 1 аптадай іздеуде болады. Сол кезде жұбайым бөлімшеге барып, бүкіл қаруды апарып тапсырып, болған жағдайды айтты. Алайда сол бойда оны қамауға алды”, – деп қосты Анар. 

Анар қазір сот күйеуін еш негізсіз тағы бір баппен айыптап отырғанына наразы. Айтуынша, бұл іске жауапты полиция департаменті басшылығына ешқандай айып тағылып, жауапқа алынбаған.



“Әрине қаруды үйде сақтау заңсыз. Күйеуім құқық қорғау қызметінде бола тұра заңды бұзғанын, қаруды үйде сақтағанын мойындайды. Ол үшін жазасын алуға да дайын. Алайда сотта оның үстіне 291-бапты (қару-жарақты ұрлады) қоса іліп отыр. Жұбайым – қару-жарақ қоймасына кіретін рұқсаты жоқ адам. Ал Қанатта бұл құқық бар. 

Тіпті Қанат та сотта бәрін мойындап, күйеуімнің қатысы жоқ екенін жеткізді. Қаруды өзінің алғанын айтты. Менің күйеуіме сақтасын деп бергенін де жасырмады. Алайда сот сонда да Қанатқа 5-ақ жыл береді де, менің жұбайыма “қаруды ұрлады” деп 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот жағынан да қателер көп болды. Қаруды менің күйеуімнің ұрлағанына дәлел жоқ. Сонда да солай айып тағып отыр”, – деп қосты ол.

Фото: Анар Шәріпованың жеке архивінен

Келіншектің айтуынша, соттың болып жатқанына 1 жыл 2 ай болған. Алайда осы уақыт ішінде бұл істе көп шикілек бар екен.

“Ең сорақысы, осы қару жарақтарды жоюға қатысқан комиссия мүшелері – Алматы қаласы полиция департаментінің басшылық құрамынан бірде бір адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмады. Судья сот барысында қылмыстық процессуалдық заңнамаларды өрескел бұзды. Атап айтқанда адвокаттардың қатысуынсыз Асқар Нұрболат Асқарұлының қорғану құқығынан айырып, соңғы сөз айту бойынша сот отырысын жүргізді.

Күйеуім бір жылдан бері уақытша ұстау изоляторында отыр. Өзіміз жас отбасы едік. Отау құрғанымызға 3 жыл болды, балаларымыз жоқ. Отбасымыздың асыраушысы болған жұбайым бір жылдан бері қамауда. Құқық қорғау орындарындағы әділетсіздік туралы көп естісем де, бұрын сене бермеуші едім. Міне, енді толық көзім жетіп отыр. Күйеуімнің ата-анасы жоқ. Оның қорғаны жоқ деп осылай басынуға бола ма?”, – деп қорытты ол. 

Бұл іске байланысты Stan.kz тілшісі Бостандық ауданының №2 сотынан пікір сұрады. 

“Бұл іс бізде қаралды. Заңнамаға сәйкес, сотқа қатысқан тараптар шешіммен келіспеген жағдайда апелляциялық кассациялық шағым түсіріп өз құқықтарын қорғай алады. Заңға сәйкес, судья төрелігін жүргізу барысында, сот шешімін шығарған кезде ол тәуелсіз. Ол барлық қарастырылған материалдарды есепке алады”, – деді ведомство. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 14 Сәуір, 2025 17:43
Талқылау