"7 жастарынан намаз оқып, ораза ұстай бастады": Үш баланың әкесі балаларының оразасы, Рамазан айына қатысты ойын бөлісті
Алматыда тұратын фитнес жаттықтырушы Иса Яндиев отбасымен бірге жылда ораза ұстайды. Үш баласы да 7 жасынан ауыз бекітіп, намаз оқи бастаған. Балаларының айтуынша, олардың ораза ұстағанына көпшілігі таңырқай қарайды. Дегенмен ағайынды бауырлар бұл айды ерекше күтетінін айтады. Осы ретте Stan.kz тілшісі ингуш ұлтының өкілдерімен сұхбаттасып, отбасының, балаларының Рамазан айын қалай өткізетінін сұрап, ұстанымдары жайлы білді.
Фото: Stan.kz / Ата-анасы Иса Яндиев мен Римма, балалары Умар, Хадиджа және Сафия
“7 жасынан бастап өз еріктерімен ораза ұстай бастады”
Иса Яндиев ораза ұстау – тек діни парыз ғана емес, руханиятқа және тәртіпке тәрбиелейтін ерекше тәжірибе дейді. Оның айтуынша, балалары ерте жастан ораза ұстауға ниеттене бастаған.
"Фитнес жаттықтырушымын. Жұбайымның аты – Римма, біз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Отбасымызда Рамазан айында ораза ұстау дәстүрге айналған. Балаларымыз шамамен 7 жасынан бастап өз еркімен ораза ұстай бастады. Жұбайым екеуміз оларды мәжбүрлеген жоқпыз, бұл – олардың жеке таңдауы. Бірақ отбасылық тәрбиенің де әсері болғаны анық. Себебі балаларым ес білгелі бері ораза ұстап келе жатқанымызды көрген. Оразаның балалардың денсаулығына қалай әсер ететінін нақты айта алмаймын. Бірақ біздің балаларымыз үшін бұл қиын сынақ емес. Әлсіздік сезімі болуы мүмкін, бірақ олар қатты қиналғандарын айтқан емес. Егер оларға қиын болса, оразаны тоқтата алады", – деді Иса Яндиев.
Иса Яндиев Рамазан айында отбасындағы атмосфера ерекше болатынын атап өтті. Иса жақындарымен бірге дін туралы көбірек әңгімелесіп, рухани құндылықтарға мән береді екен.
"Ораза біздің жанұямызды одан әрі жақындастырады. Сонымен қатар балалар бұл айда тәртіп пен төзімділікке үйренеді деп ойлаймыз. Егер балаңыз ораза ұстаймын десе, оған рұқсат беру керек. Бірақ мәжбүрлемеу қажет. Бұл – әркімнің жүрек қалауымен жасалатын құлшылық", – деді үш баланың әкесі Иса Яндиев.
“Кейбіреуі не үшін ораза ұстайтынымды түсінбейді”
Үйдің үлкені Умар – 9-сынып оқушысы, жасы 15-те. Ол оразаны алғаш рет 10 жасында ұстай бастаған. Бүгінде бұл оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
"Мені ораза ұстауға итермелеген – дінімнің сұлулығы. Исламдағы осы маңызды ғибадатты орындау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл айда менің күн тәртібім өзгереді – әдеттегіден ертерек ұйықтап, ертерек оянамын. Таңғы сәресіне тұру қиындық туғызбайды, ал мектепке барған кезде өзімді сергек әрі жақсы сезінемін. Сабақ барысында шаршау немесе әлсіздік байқалмайды, күнделікті сабақ кестесіне бейімделу оңай. Ең қиыны – алғашқы күндері жаңа тәртіпке үйрену. Алайда бірнеше күн өткен соң, денем де, санам да бұл өзгеріске бейімделіп, ораза ұстау жеңілірек бола бастайды. Күнделікті өмірімде кейбір нәрселерден уақытша бас тарту маған сабырлы әрі төзімді болуды үйретеді", – деді Умар.
Умардың сөзінше, қасиетті ай – тамақтан шектелу ғана емес, сонымен қатар рухани тазару, өзін тәрбиелеу кезеңі. Умар мектепте ораза ұстағандар үшін арнайы жағдай жасалмағанын алға тартады.
"Сабақта күні бойы өзімді жайлы әрі сергек сезінемін, сондықтан шаршау мен аштық қиындық туғызбайды. Сабақтағы зейінім сол қалпында қалады, ораза оқуымa кедергі жасамайды. Сыныптастарым менің ораза ұстау туралы шешімімді қолдайды. Кейде кейбіреуі не үшін ораза ұстайтынымды түсінбейді. Алайда оларға оның маңызы мен мәнін сабырмен түсіндіремін. Мектепте ораза ұстайтындарға арналған арнайы жағдайлар қарастырылмаған. Бірақ бұл мен үшін қиындық тудырмайды. Ең бастысы – осы айда мұсылмандық парызымды орындап, өзімді рухани тұрғыдан күшейтіп жатқанымды сезіну", – деп түсіндірді 9-сынып оқушысы Умар.
“Өзім шештім, ешкім мәжбүрлеген жоқ”
Умардың қарындасы Хадиджа былтырдан бастап ауыз бекітуге ниет еткен. Хадиджа қазір 7-сыныпта білім алып жатыр. Хадиджаның айтуынша, оны бұл қадамға ешкім итермелеген және жеке таңдауы болған.
"Өзім шештім, ешкім мәжбүрлеген жоқ. Маған ораза ұстау ұнайды, бұл мен үшін ерекше кезең. Анам дәмді тағамдар дайындайды, бірге отырып ішеміз. Таңертең мектепке барғанда өзімді жақсы сезінемін. Сабақта да бәрі қалыпты, зейінім өзгермейді. Ораза мені шыдамды болуға және тәртіпке үйретеді. Кейде су немесе тамақ ішкім келіп кетеді, бірақ өзімді ұстаймын. Ауыз ашатын уақытты асыға күтемін, өйткені ол кезде бүкіл отбасымызбен бірге отырамыз. Мектепте мұғалімдер мен сыныптастарым шешімімді құрметтейді және қолдайды. Сонымен қатар мектепте ораза ұстаушыларға қолайлы жағдай жасалған, арнайы тынығатын орындар бар", – деді Хадиджа.
Рамазан айы аяқталған кезде Хадиджа ерекше көңілде болатынын айтады.
"Айт күні біз үлкен дастархан жайып, қонақ күтеміз. Туыстарымыз келеді, бәрі бір-біріне жақсы тілектер айтып, қуанып жүреді. Бұл күн ерекше ұнайды. Рамазан біткенде, бір жағынан қуанамын, себебі оразаны толық ұстап шықтым деп ойлай аламын. Екінші тұсынан келесі жылды асыға күтемін”, – деді
Ал үйдің кенжесі Сафия – 5-сынып оқушысы. Биыл алғаш рет Рамазан айында ораза ұстап көріп отыр. Ауыз бекітуге балақайға отбасы үлгі болған.
"Менің отбасым – ең үлкен қолдаушым. Олардың ораза ұстағанын көріп, мен де солар сияқты болғым келді. Тамақ туралы ойламасам, мектепте бәрі оңай болады. Дегенмен сабақ барысында аштық сезімі пайда болады. Десе де бұған шыдауға болады. Сыныптастарым мені түсініп, қолдау білдіреді. Мектепте ораза ұстаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Бізде шағын кітапхана бар, ішінде жұмсақ дивандар бар. Үзілісте сол жерде отырып, демалуға болады", – дейді Сафия.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың ораза ұстауына қатысты сұраққа жауап берген еді. Министрдің айтуынша, баланың ағзасы тез өсіп, оның энергия қажеттігі өте жоғары болады, себебі зат алмасу қарқынды жүреді.
"Сондықтан, әрине, жұмсалған энергия уақытылы толықтырылуы керек. Әрбір ата-ана мұны ең алдымен түсінуі қажет. Баланың денсаулығы үшін уақытылы, сапалы және дұрыс тамақтану өте маңызды. Бұл оның болашақта дұрыс дамуына әсер етеді", – деді Әлназарова.
Министр әрбір ата-ананың баласына ораза ұстауға рұқсат беру-бермеуін өзі шешетінін атап өтті. Сонымен қатар баланың жасы маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Шын мәнінде, белгілі бір жасқа дейін бала толыққанды тамақтануы керек деп ойлаймын. Меніңше, барлық ағза мүшелері толық қалыптасқанға дейін, шамамен 16-17 жасқа дейін дұрыс тамақтану қажет", – деді министр.
Еске салайық, биыл Ораза 1 наурызда басталып, 29 күнге созылады. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түн – Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт.