“Ешкімге айтпай ұялып жүрсем, анам теледидардан құттықтады”: 8 наурызда туған қазақстандық ер азаматтар қызық оқиғаларын бөлісті
8 наурызда әдетте аруларымыз ерекше махаббат пен құрметке бөленіп, сыйлықтар алып жатады. Алайда кейбір ер азаматтар үшін бұл тек “халықаралық әйелдер” мерекесі емес. Өздері де сыйлық пен құттықтау күтетін, дүние есігін ашқан күн. 8 наурызда өмірге келген ерлер бұл күнді қалай өткізеді? Туған күндері мерекемен тұспа-тұс жігіттер Stan.kz тілшісіне қызық оқиғаларын айтып берді.
Фото: Мейіржан Қарасаевтың жеке дерегі
Ақтөбе облысының тумасы Мейіржан Қарасаев биыл 8 наурызда 27 жасқа толып отыр. Айтуынша, туған күнінің дәл осы күнге тұспа-тұс екеніне кішкентайында қатты ұялған.
“Шыны керек, мектеп кезінде туған күнімнің 8 наурызда екенін ешкімге айтпайтынмын. Мазақтайды деп ұялатын едім. Балалар ойнап айтса да, мен үшін ыңғайсыз болатын. Ол кезде көбі туған күнімнің дәл осы күнде екенін білмеді. Әйтеуір апайлар екінші күні біліп қалып, кейін бәрі құттықтайтын.
Қазір де көп сыныптастарым білмейді. Тек жақсы, тығыз араласатын достарым хабардар. Әріптестерім да естігенде таңғалып жатады”, – деді ол.
“Ешкімге айтпай ұялып жүрсем, анам теледидардан құттықтау берген...”
Мейіржан туған күнін жасырып жүргенде қызық оқиғаларға да тап болғанын алға тартты.
“Кішкентай кезімде, мектепте оқып жүрген уақыттарда телефон деген аз болды. Ол кезде теледидардан құттықтау беру сәнде еді. 7,8-сынып кездерінде қатарластарымнан туған күнімді жасырып жүрсем, анам 8 наурызда менің суретім мен құттықтау тілегін “Қазақстан-Ақтөбе” арнасына шығарып жіберген. Келесі күні барлық сыныптастарым мазақтағаны есімде.
Неге екенін білмеймін, бірақ мектепте намыстанатынмын. Анама “мені неге осы күні тудың, датамды өзгертіп беріңдерші” деп талай жылағаным есімде. Балалар мазақтағанда “туған күнімді алмастырамын” деп жылаған қызықтарым да болды”, – деп есіне алды азамат.
“Халықаралық туған күнің құтты болсын!” деп құттықтайды”
Ақтөбелік жігіт дегенмен уақыт өте келе бәрі өзгергенін алға тартты. Қазір керісінше, сыйлық пен құттықтау күтетінін жасырмады.
“Қазір есейгесін бе, ондай ыңғайсыздық сезілмейді. Керісінше “мектеп кезінде осындай ерекше датада туғанымды неге айтпағанмын” деген өкініштер болып тұрады. Қазір кәдімгідей барлық адам секілді осы күні туған күнімді тойлай беремін.
WhatsApp желісіндегі “Туысқандар” деген топта жақын ағамыз “халықаралық туған күнің құтты болсын!” деп құттықтайды. Мен де “қайта қуаныңыздар мен туған күнде мерекелік демалыс болады. Бәріңіз демалып қаласыздар” деп әзілдеп айтып жүремін.
8 наурызда туған ерекше сезім. Ең үлкен бір артықшылығы, көп ер адам әйел адамдарға сыйлық беріп жатса, мен өзім де барлығынан сыйлық күтіп отырамын. Бұл күні анама сыйлық алып дайындаламын. Дегенмен басқалардан құттықтау күтемін. 8 наурызда туғанын жасырып жүретін ер-азаматтарға “қайта мақтаныңыздар” дегім келеді. Себебі мысалы, жай күндері кімнің туған күні екенін көбі ұмытып кетіп жатады. Қанша жыл араласып жүрсең де есіңнен шығып кетуі мүмкін. Ал мерекеде туғандар ұмытылмайды”, – деп қосты ол.
“Ағам 9 наурызда, мен 8 наурызда туғам”
Шымкент тұрғыны Мейрамбектің отбасында 5 ұл бар. Өзінің туған күні 8 наурызда болса, ағасы Бекарыстың туған күні 9 наурызда. 19 жастағы Мейрамбек керісінше мерекенің көлеңкесінде туған күнінің ұмытылып кететінін айтты.
“8 наурыз – негізі керемет нәзік күн әрі көктемнің алғашқы күндері. Бұл күні туған жақсы сезім. Тек кішкене ыңғайсыздану да болады. Сосын кейде мейрамның көлеңкесінде ұмытып кетіп жататындар да бар. Бұл күнді үйдегілермен ғана тойлатамын. Кейде достарым келіп, солардың қыздарын құттықтап мерекелетіп жүреміз.
Көбі 8 наурызда туған күнім екенін біле бермейді. Тек жақын туыстарым “анаңа сыйлық болып туғансың” деп айтып жатады. Мен туған күнімнен ұялып жасырмаймын. Дос балалар “мерекеңмен” деп келіп әзілдейтіні болмаса, былай шын мазақтамайды”, – деді ол.
Мейрамбектің ағасы Бекарыс інісі екеуі бала кезде туған күндерін бірге тойласа, қазір қарбаласпен ондай мүмкіндіктің азайғанын айтады.
“Негізі туған күн тойлауды ұната бермеймін. Сол себепті қарапайым күн ретінде қараймын. Әрине көбіне достарым кішкене мазақтап жатады. Көбіне бұл күнде анамызға сыйлық алып құттықтаймыз. Ал өзім көп жағдайда сыйлық күте бермеймін. Кішкентай кезімізде үйдегі ата-анамыз, бауырларымызбен бас қосып, кешкісін тілек айтып інім екеуміздің туған күнімізді тойлайтынбыз. Сол сәттер қызық болатын. Ал қазір өкінішке қарай, бәріміз әр қалада жүрміз”, – деді Бекарыс.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
