Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ол 15 жаста, бәрібір түрмеге отырмайды”: Атырауда белгісіз жағдайда мерт болған 7-сынып оқушысының өліміне қатысты іс сотқа жетпей жабылды

Атырау қаласы Ақжар ауылының 7-сынып оқушысы Сана Мерланның өліміне қатысы тергеліп жатқан іс сотқа жетпей жабылды. Марқұм белгісіз жағдайда суға батып мерт болған. Алайда анасы жалғыз ұлын жоғары сыныптағы оқушының суға итергеніне сенімді. Айтуынша, мұны сол күні олардың жанында болған Мерланның достары да растапты. Адвокаттар қазір істі тергеушілердің үстінен шағым түсірмек. Істің шала тергеліп, жұмбақ күйде қалғанын айтқан Анаргүл Қасантаева Stan.kz редакциясына байланысқа шықты. 

Фото: Анаргүл Қасантаеваның жеке архивінен

Жалғыз ұлынан айырылған Анаргүл Қасантаева бұған дейін әділдікке жетемін деп әкімдіктің де, полиция департаментінің де табалдырығын тоздырғанын айтады. Алайда сонда да нәтиже болмай ұлының өліміне қатысты іс 11 қаңтарда жабылған. 

“Өткен аптада мені адвокатыммен бірге шақыртты. Барғанымда қолымызға қаулы берді. Іс жабылған екен. 
Жалпы бұған дейін де тергеу кезінде адвокатыммен бір рет қатысқан едім. Сонда ұлымның қасында болған куәгер балалар тергеу кезінде Мерланды жоғары сыныптың баласы итергенін айтып отырды. Ал тергеушілер болса итерген баланы “ол 15 жаста, бәрібір түрмеге отырмайды” деп айтты. 
Бірінші тергеуші маған келе бермеңіз десе, екінші тергеуші жаңағы жоғары сыныптағы ұлдың ата-анасымен телефон арқылы танысы секілді сөйлесті. Ол да баланың сотталмайтынын айтты. 
Бұған дейін бірнеше рет тергеушілерді ауыстыруларын өтіндім. Соңында тіпті олардың тарапынан: “тергеушілер құрып қалды, сізге жаңа тергеуші жоқ” деген дөрекі жауапты естідім”, – деді марұмның анасы.

Анаргүл Қасантаеваның айтуынша, істің жабылуы туралы қаулыда кейбір деректер мүлдем қате жазылған. Бұл күдік тудырып отыр екен.

“Тергеуші бірде біз күдіктеніп отырған баланы шақырып алып, сұрауды жалғастырады. Сол кезде ол баланың айтқандарына: “олай айтпа, былай айттың ғой алдында” деп әр сөздерін түзетіп отырыпты. Кейін менің адвокатым ренжіп, тергеушіге бұл әрекеті үшін шағымданатынын айтыпты.
Бұлар жасырып тұр. Бір қыз туралы да естіп қалдым. Оны жаңағы баламды суға итеріп жіберді деген жоғары сынып оқушысы жақсы көрген. Ол қыз менің баламның досы, құрдасы болыпты. Кейбіреулерден сол қыз үшін өлтіріп тұр дегенді де естідім. Алайда тергеуші бұл жағдайды қозғамаңдар деп айтқызбады. Бұлар дұрыс тергемеген. Ортада ашылмай тұрған бір құпия бар. Одан бөлек күдіктеніп отырған баланың туысқандары полицияда жұмыс істейді екен.
Қаулыда сол күні оқиға орнында болған балалардың жасы қате жазылған. Тергеу шала жүргізілген. Қазір үш адвокат жалдадым. Олар барынша жұмыстанып жатыр”, – деп қосты ол.


Мерланның анасы қазір адвокаттарының тергеушілер үстінен арыз жазып жатқанын алға тартты. 

“Менің қалауым, тергеушілер ауысып, іс дұрыс, әділ қаралса екен. Мынада балалар тек тергеушілердің нұсқаулығымен сөйлеген. Жалғыз ұлымнан айырылып отырған анамын. Бұдан соң әділдікке қалай сенемін?”, – деп қорытты ол.

Stan.kz тілшісі істі тергеген Атырау қаласының полиция департаментінен жағдайға байланысты пікір сұрады. Ведомство істің жабылғанын растады. 

“Аталған дерекке қатысты тіркелген қылмыстық іс бойынша толық тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесімен М.Сананың абайсызда қаза болуына қатыстылығы анықталған тұлғаның қылмыстық жауаптылық жасына жетпеуіне байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, Атырау қаласы Ақжар ауылында 7-сынып оқушысы белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Марқұмның отбасы бұл істе 13 жасар Мерланды жоғары сынып оқушысы қасақана итеріп жіберді деп күдіктенеді. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан екен. Тергеуге шағымданып, жалғыз ұлынан айырылған ана шарасыздықтан өзіне қол жұмсамақ та болған еді. Кейін көшеге жолды жабамын деп ашынып шыққан ананы құқық қорғау қызметкерлері қол аяғынан ұстап көтеріп, оның айтқандарын тыңдамастан күшпен сүйреп шығарды. 

Stan.kz тілшісі бұл істі жіті назарда ұстап отыр.

Талқылау