"Ресей – маңызды ел": Сирияның жаңа жетекшісі Мәскеумен қарым-қатынасты сақтайтынын мәлімдеді
Сирияның жаңа жетекшісі Ахмед Әл-Шараа Ресеймен қарым-қатынасты тоқтатқысы келмейтінін мәлімдеді. Ол төрт жыл ішінде елде сайлау өткізіп, өзінің "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) қарулы тобын таратуға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Reuters
"Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) көптеген елдерде, соның ішінде АҚШ пен Ресейде террористік ұйым ретінде ресми түрде тыйым салынған. Дәл осы ұйым Сирия президенті Башар Асадты құлатуға әкелген әскери әрекеттерді басқарды.
Дегенмен Мәскеу Башар Асадтың ең жақын одақтасы болды. Ол бірнеше жыл бойы Сирия қалаларында көтеріліске шыққандарға соққы берген Ресей армиясының қолдауының арқасында билікте болған. Сирияда Ресейдің әскери базалары орналасқан. Ал бұл жолы көтерілісшілер Дамаскті басып алғанда Башар Асад ресей армиясының көмегімен сол елге қашып кетті.
Деректерге сүйенсек, Әл-Шараа бастаған жаңа үкімет Мәскеумен келіссөздер жүргізіп, ресейлік күштерді дереу шығаруды талап етпеген.
"Ресей — әлемдегі екінші қуатты ел болып саналады. Барлық сириялық қарулар Ресейден шыққан және көптеген электр станцияларын ресейлік сарапшылар басқарады. Біз Ресейдің Сириядан кейбіреулер қалағандай кеткенін қаламаймыз", — деді әл-Шараа Сауд Арабиясы мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.
Сирия көшбасшысы Ресей мен Сирияны ортақ стратегиялық мүдделер байланыстырады деп қосты.
Жексенбіде Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "РИА Новости" мемлекеттік агенттігіне берген сұхбатында ресейлік базалардың тағдыры Сирияның жаңа билігімен келіссөздерге байланысты болатынын жеткізді.
"Бұл біздің базаларымызды немесе тірек пункттерімізді сақтау туралы ғана емес, сонымен бірге олардың жұмыс істеуі мен қамтамасыз етілуі, жергілікті тараппен байланысына қатысты", — деді Лавров.
Сайлау, заң жүйесі өалпына келіп, ХТШ таратылады
Бұрын Әбу Мұхаммед әл-Джулани деген атпен белгілі ХТШ жетекшісі Сирияда сайлау заң жүйесі мен халық санағы қалпына келтірілгеннен кейін төрт жылдан кейін өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жаңа конституцияны құру үш жылға дейін, ал мемлекеттік институттардың жұмысын жақсарту шамамен бір жылға созылатынын атап өтті.
Әл-Шараа ХТШ алдағы конференцияда таратылатынын, қоғамның түрлі секциялары арасында диалог басталатынын хабарлады. Ал ХТШ құқық қорғауға және қалыпты идеологияны ұстануға ниет білдіріп, Аль-Каидамен байланысын үзетінін жеткізді.
Саясаткерлер мен белсенділер шақырылған конференция жаңа биліктің Сирияны біріктіру ниетін тексереді. ХТШ үкіметті тек өз өкілдерінен құрды. Бұл сынды тудырғанымен Әл-Шараа бұл тек үкіметтің негізгі мүшелері екенін түсіндірді.
Әл-Шараа сонымен қатар аймақтық күштерді, соның ішінде күрдтерді Сирия әскеріне қосуға уәде берді. Сирияда соңғы аптада Асад режимімен байланысы бар деп күдіктелген 300-ге жуық адам қамауға алынды.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді.
8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.
"Өз жолын өзі қирататындай әрекетке барады деу логика сыймайды": Федерация президенті Жәнібек Әлімханұлының ендігі тағдыры не болатынын айтты