Қазақстанда биыл жол апатынан зардап шеккендердің саны рекордтық деңгейге жетті
Қазақстанда биыл жол апаты жиілеп, зардап шекендер көрсеткіші рекордтық деңгейге жеткен. Деректерге сенсек, жағдайлардың 96%-ында жол көлік оқиғасының кінәлілері жүргізушілер (олардың 83%-ы ер адамдар). Ал жолаушылар арасында жиі зардап шегетін әйелдер мен балалар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісінде әлемде жол апатының құрбандарын еске алады. Биыл атаулы күн 17 қарашаға келіп тұр. Бұл күні Қазақстанда да жол апаты мен өлім-жітім мәселелеріне назар аударатын іс-шаралар өтеді.
Жол апатына байланысты статистикаға сенсек, 2024 жылы елімізде көрсеткіш нашарлаған. Апаттан зардап шеккендердің саны екі есе, ал қаза тапқандар саны 9% өскен.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында жол апатынан 29,5 мың адам зардап шеккен. Бұл – кейінгі жылдардағы рекордтық көрсеткіш (2023 жылы 14,5 мың адам зардап шекті). Осы кезеңде қаза тапқандар саны 2,1 мың адамға тең. Ал 2023 жылы 1,9 мың адам қаза тапқан.
Өліммен аяқталған жол көлік оқиғасының үлесі 2023 жылы 12,7%-дан 2024 жылы 6,9%- ға дейін төмендеді. Қаза тапқандардың ең көп саны (736 адам) Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында тіркелген. Бұл ел бойынша құрбандардың жалпы санының 35%-ы болады. Ал Астанада мұндай оқиғалар аз болған.
Деректерде жол апатынан көп жағдайда (86%) ер адамдар құрбан болатыны айтылған. Олардың 79%-ы 18-49 жас аралығындағы жүргізушілер. Ал жолаушылар арасында (61%) әйелдер жиі зардап шегеді. Жол апатынан зардап шеккендердің айтарлықтай үлесін балалар құрайды. 2024 жылдың он айында 2,4 мың бала зардап шеккен.
Жаяу жүргіншілер де апаттың құрбаны болып отыр. 2024 жылдың қаңтар–қазан айларында жаяу жүргіншілерге жасалған 8,3 мың соққы тіркелді. Оның 34%-ы балалар, ал 48%-ы 18 бен 49 жас аралығындағы ересектер. Жағдайлардың 96%-ында жол көлік оқиғасының кінәлілері жүргізушілер (олардың 83%-ы ер адамдар) болды. 8% жағдайда кінәлілер оқиға орнынан жасырынған. Апат жағдайларының 2,2%-ы мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілердің кінәсінен болған.