"Оттықпен аяғын күйдіріп, ұйықтатпай қинаған": Қызылордада сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыз оқиғаның мән-жайын баяндады
Қызылордада оқушы қызды сыныптас құрбылары құлдыққа салып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. 10-сыныптан бастап, “видеоңды ата-анаңа көрсетеміз” деп қорқытқандар қыздан үлкен көлемде ақша талап етіп, тіпті есірткі тұтынуға, айтқандарын орындауға мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Қызылордалық қыздың жантүршігерлік оқиғасын “Не молчи” қоры жариялады. Қордың мәліметінше, қазір қыздың психологиялық жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Бойжеткен басынан өткен қорқынышты оқиғасын айтып берді.
Жалаңаш суретімді отбасыма көрсететінін айтып қорқытты
“2022 жылы 10-сыныптан бастап, мен Н есімді сыныптас қызбен құрбы болдым. Ол біздің үйге қонуға келіп, менің анамды “мама” деп атайтын. Мен де оның үйіне жиі қонуға баратынмын.
2023 жылы жаңа жылға бір апта қалғанда құрбым Н-мен және оның бөлесі Ж-мен бірге “Alen” клубына бардық. Ол алкоголь іше бастады, сосын бізге ұсынды. Біз келісіп, іше бастағанда ол бізді видеоға түсірді. 7 қаңтарға дейін ол менен сұрамай телефонымды ломбардқа өткізіп, ақшасын алып алған. Ал 7 қаңтарда “Djoo Bar”-да құрбым маған менің жалаңаш суретімді түсіріп алғанын көрсетті. Мен бірден өшіріп тастадым. Алайда кейін білгенімдей ол сурет кетпеген екен. 4 ақпанға дейін Ж менің рұқсатымсыз мені анкета толтырып, Kyzdar.net cайтына тіркеп тастаған. Мен қарсыласып едім, Н мен Ж жалаңаш суретімді отбасым мен жақындарыма көрсететінін айтып қорқытты. “Біз ақша табамыз, сен жұмыс істейсің” деді”, – дейді қыз.
Балағат сөздер айтып, қорқыта бастаған соң шарасыз қалған қыз айтқандарын істеуге мәжбүр болған.
“Сайтқа жіберген анкетамның модерациясының іске қосылуы үшін уақыт қажет болғандықтан Ж мен Н маған клиентті клубтан табасың деді. Түсінбей сұрағанымда “Барып ашық түрде билейсің, сонда жігіттердің өзі саған пәтерге баруды ұсынып, қасыңа жақындайды” деді.
“Алғашқы клиент Е есімді жігіт болды. Мен қатты қорқып, қатынасты қаламадым. Алайда ол мені күштеді. Мұның барлығы 4 ақпан күні болды. Бұл уақытта сайтқа тіркелген анкета модерациядан өтіп, тағы бір клиент пайда болды. Бұл іспен мүлде айналысқым келмеді. Алайда бұрын суреттерді көрсетемін деп қорқытса, кейін ашық ұрып-соғып, қысым көрсететін болды. Ақпан айының соңында менің денсаулығым нашарлай бастады. Алайда дәрігерге қаралуға Н мен Ж қарсы болып, тыйым салды. Шарасыздық, қорқыныш күйін үнемі кешіп жүрдім”, – деп қосты ол.
Клиент мені “меф” тұтынуға мәжбүрледі
Қыз ақпан айынан бастап құрбысымын деген Н-ның пәтерінде жиі қонып жүрген. Себебі оның анасы вахталық жұмысқа ұзаққа кетеді.
“Солай Н мен Ж-ның бақылауында болдым. Олардың нұсқауымен ата-анама даяшы болып жұмыс істеп жүргенімді, сол себептен ұйқым қанбай, сабақ кезінде ұйықтап кетіп жүргенімді айттым. Ал ұстаздар ұрысқан кезде Н “кеттік” деп сабақтан қашып кететінбіз. Кемсіту, қорлау, қорқыту жиілей бастады.
11 наурызда клиент Д мені “меф” тұтынуға мәжбүрледі. Қарсы болғанымда қолымды ұстап, күштеп тұрып, иіскетті. Кейін не болғанын мүлдем білмеймін. 1,5 тәулік ұйықтаған екенмін. Бір аптадан соң ол маған қайта хабарласып, есірткі тұтынуға шақырды. Ол кезде мен Н мен Ж-ның пәтеріне барған едім. Олар менің есірткі әсерінде болған кезімді видеоға түсіріп алыпты. Соны көрсетіп, “интернетке таратамыз, жақындарыңа жібереміз, кейін полицияға береміз” деп одан сайын қорқыта түсті”, – деп қосты қыз.
Жезөкшелік есепке қоймайтынын айтып, қонақтарына қызмет көрсетуге мәжбүрледі
Қыздар жәбірленушіні әбден мазақ қылған. Екі қыз оған үйді тазалатып, ыдыс жуғызып, кез-келген нәрсе үшін ұратынды шығарған. Компьютерлік ойында ұтылып қалса, есінен танғанынша қылқындырған. Көңіл көтеру үшін бассейнге батырып, шаршап құлағанынша, отырып, тұрғызып жаттығу жасатқан. Оның атынан туысқандарына оғаш қылықтар көрсететін түрлі хабарламалар жіберген.
“2024 жылдың сәуір айында Д есімді 25 жастағы жігіт менің номерімді Г есімді досына берген. Г менің істеп жүргендерімді жақындарыма айтамын деп бопсалай бастады. 30 сәуірде Д-ның өзі полицияда жұмыс істейтінін, жезөкшелік есепке мені қоймайтынын айтты. Есесіне өзінің қонақтарына қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Соңында оның ешқандай полиция қызметкері емес екені белгілі болды. Сәуір айында сыныптасым Д қолымдағы телефонымды тартып алып, хабарламаларды оқып, жағдайымды біліп, күніне 5 мың теңгеден беруімді бопсалап, талап етті”. “Ақшаны жақсы табасың ғой” деп кекетті”, – деді қыз.
Мамыр айында Н мен Ж Шымкентке баратын болып, қызға 300 мың теңгені тез арада табуды бұйырған. Сөйтіп олар қызға әкесінен ақша сұрауды нұсқаған.
“Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, әріптесімнің телефонын сындырып алдым деп айтуымды бұйырды. Осылайша оларға ақшаны әкемнен сұрап, тауып бердім. 29 мамырда Н-ның туған күні еді. Ол маған бір аптада 500 мың теңге тауып беруімді талап етті. Әкем сыйлаған Iphone15 Pro Max телефонымды ломбардқа 380 мың теңгеге қойдым. 27 мамыр күні бұл ақшаны оларға бердім”, – деп қосты ол.
“Ақша таппасаң, қасың мен шашыңды қырып, жыныс мүшеңді пышақпен кесеміз деді”
Маусым айының басында Н-ның анасы вахталық жұмыстан оралатын болғандықтан Ж екеуі қол астына алып, қысым жасап жүрген қызға пәтер жалдауға ақша табу керек екенін айтқан. Кейін ол ақша тапқан соң Н, Ж және сыныптастары Д мен оның туысқаны А пәтерде бірге болған.
Ол жақта олар өздерін полиция есепке алғаны үшін қызды былай жазалаған:
- Оттықпен аяғын күйдірген;
- Майлықты өртеп, оны ішкиіміне салып сөндірген;
- Полиэтилен пакетті өртеп, оның ыстық қалдығын ішіне тамызған. Салдарынан әлі күнге дейін қыздың денесінде күйгеннен қалған тыртық іздері бар;
- Тек түнде емес, күндіз де жұмыс істеуге мәжбүрлеген;
- Аудандағы бокспен айналысатын қызға ұрғызған;
- Ұйықтатпаған, тамақ бермеген;
- Қыз ашыққаннан олардан қалған тамақты жеп жүрген.
“Шілдеде Ж, Н, Д Шымкентке кеткен кезде тағы үш жігіт келіп бопасалай бастады. Басында А келіп 450 мың теңге тауып беруім керек екенін айтты. Ол “Мен және ағам ҰҚҚ-да жұмыс істейміз, егер тауып бермесең саған да, отбасыңа да мәселе болады. Өлімге дейін баруы мүмкін”, – деді. Қорыққанымнан қолымдағы 55 мың теңгені бердім. Бұл туралы Н мен Ж біліп, басқаларға ақша бергеніме ашуланып, мені Тасбөгет көпірінде ұра бастады. Менің әрекетім үшін ата-анамды жауапкершілікке тартатынын айтып, болмаса тіпті барлық видеоны отбасыма көрсететінін жеткізді.
Бір күні Д есімді сол жігіттердің бірі көшеде мені ұстап алып, көлігіне мінгізіп, енді салынайын деп жатқан жерге апарып “осы жерге сені тамақсыз, сусыз, ешкім таба алмайтындай қамап, телефоныңды лақтырып тастаймыз” деді. Қасындағы жігіттер “аяғына ерітінді құйып өлтіріп, Дария өзеніне ағызып жіберейік” деді. Сол сәтте шынымен мені өлтіріп кетуі мүмкін екенін түсіндім. Көлікке мінген кезде болашақта ең болмағанда денем табылсын деген оймен бір саусағымның тырнағын жұлып артқы орындыққа қалдырып кеттім”, – деп қосты қыз.
Осы оқиғадан соң А мен Д ақша талап етіп, жиі ұра бастаған. Пышақпен денесіне терең емес жарақаттар салған.
“Ал Н мен Ж қолымдағы бар ақшаны жігіттерге бергеніме ашуланып, ұрып-соғып, ұстараның қырымен, пышақты алып “Ертеңге дейін 250 мың теңге таппасаң, қасың мен шашыңды қырып тастап, жыныс мүшеңді пышақпен кесеміз” деді, – дейді ол.
“Ауырып жүргенімді біліп жұмыс істейтін өзге қыздар табуымды талап етті”
Қажыған қыз шарасыздықтан қайда барып, не істеу керегін білмегенін жеткізді.
“Олар менің төменгі мүшемнің қатты ауырып жүргенін, енді “жұмыс істей алмай қалуым мүмкін” екенін біліп, осылай жұмыс істейтін өзге қыздар табуымды талап етті.
Таңертең қатты шарасыздықтан Б есімді таныс жігітке хабарласып, оқиғамды айтып бердім. Ал ол әкеме хабарласып, бәріміз кездесіп, болған жайды баяндаған соң учаскелік полицияға бардық. Орнында болмаған соң үйге келіп ұйықтап демалып алдым да, оянған соң кешкі 20:00 шамасында бар шындықты анама айтып бердім. Кейін бірден қалалық ішкі істер бөліміне барып, арыз жаздық”, – деп түсіндірді бойжеткен.
“Не молчи” қорының мәліметінше, қыз бар шындықты айтқаннан кейін оған қысым жасаушылар да әрекеттерін тоқтатқан. Алғашқы айда ол үнемі “бізді өлтіреді, бәрібір олар бізді жақында өлтіріп кетеді” деп қайталаумен болған.
Деректерге сүйенсек оның банктік картасына 1000 транзакция түскен. Анасы мұны көріп қатты шошыған. Себебі ол 1000 транзакция 1000 ер адамнан деп ойлаған. Жалпы есептегенде барлық сома 13 миллион теңге болған. Бұл транзакцияның ішінде оған ата-анасы жіберген ақша да бар. Қазір қыздың қызметін бірнеше рет пайдаланған 200 ер адам тергеліп жатыр. Іздерін қалдырмас үшін қолма-қол төлегендердің де саны біршама екені анық.
Қазір қыз клиникада, неврологиялық емдеуден өтіп жатыр. Қатты қысымнан ол күйзеліске түскен.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Жәбірленушінің анасы бәрі сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталғанын айтты.
Бұған дейін Қызылордадағы мектеп басшылығы жұмыстан қуылғаны хабарланды.