"2 миллиард теңге жұмсалған": Алматы облысында пайдаланғанына 7 жыл ғана болған мектеп жер сілкінісінен кейін қирап қалды
Алматы облысында 7 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп апаттық деп танылды. Бұл білім ордасының құрылысына бұрын 2 миллиард теңге жұмсалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Письма президенту” Telegram арнасы
“Письма президенту” Telegram арнасына шыққан жазбада Алматы облысының Іле ауданындағы №40 мектептің апатты жағдайдағы суреті пайда болды.
“Ғимараттың құрылысына халықтың 2 миллиард теңгесі жұмсалды. Қазір 3000-ға жуық бала көрші ауылдардағы жақын маңдағы мектептерге баруға мәжбүр. Әкімдік ғимаратты күрделі жөндеуге қайта 800 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бірақ ата-аналар мұндай шешімге қарсы. Себебі ғимарат сапасыз салынған және балалардың өміріне қауіп төндіреді. Ең таңғаларлығы, ешкім лайықты жазаға тартылмаған”, – делінген жазбада.
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Алматы облысының әкімдігінен пікір сұрады. Әкімдік мектептің қазіргі сыртқы бейнесі түсірілген суретті жіберді. Сондай-ақ мектеп жер сілкінісінен кейін апатты жағдайда деп танылғанын жеткізді.
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен
“Құрылыстың сапасын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Кінәлілер жауапкершілікке тартылып, құрылыс компаниясына қатысты сотта іс қозғалады.
Іле ауданындағы №40 орта мектеп оқушылары Боралдай кентіндегі №17 және №54 орта мектептерінде білім алатын болды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушыларды үш ауысымда 8 автобуспен тасымалдау жолға қойылды. Оқушылардың сабаққа уақытылы келуін қамтамасыз ету үшін арнайы тасымалдау кестесі жасалды. Сынып жетекшілері мен кезекші мұғалімдер күн сайын оқушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң қадағалайды. Сонымен қатар оқушылардың уақытылы және сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінді. Мектеп медбикесі оқушылардың денсаулық жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Оқу жылының алғашқы аптасында оқушылар жаңа оқу үрдісіне толығымен бейімделді. Іле ауданы әкімінің шешімімен ғимарат апатты деп танылды (табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай). Мектеп ғимаратының бірінші қабатын бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Қазір ғимаратты аудан әкімдігінің балансына беру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Бұл білім беру мекемесін қалпына келтіру және жаңғырту үдерісіндегі келесі қадам”, – деді әкімдік.